Сот шешімі: 12 азамат жұмыстарына қайта тұрады

Қызылордада мұнай саласындағы “КазПетролГрупп” серіктестігінен бір мезетте жұмыстан шығарылған 12 азаматтың еңбек дауы ісі бойынша қалалық соттың шешімі шықты.

2021 жылдың қазан айынан басталған жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасындағы дауға қойылатын сот нүктесі аймақтың әлеуметтік-еңбек қатынастарындағы белсенді алаңның жіті назарында болатын.

Қызылорда қалалық сотының судьясы М.Тоғызбаева жұмыс берушінің жұмыскерлермен еңбек шартын бұзу туралы бұйрықтарын заңсыз деп танып, азаматтарды өз жұмыстарына қайта тұруы және мәжбүрлі бос жүрген уақыттарына жалақы төлеу туралы арыздарын қанағаттандыру туралы білікті, әділ шешім шығарды. Сот жұмыс беруші еңбек шартын бұзғанда басшылыққа алған еңбек шартын “ҚР Еңбек кодексінен 2020 жылғы 4 мамырдағы өзгерістермен алынып тасталған 50-баптың 3-тармағы бойынша бұзуы заңсыз, бұл норма азаматтардың еңбек құқығын нашарлататын норма” деп таныды.

Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мен облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасы өкілдері сот отырыстарына қатысып, жұмыскерлермен еңбек шарты заңсыз бұзылғандығы туралы ұстанымдарын білдірді.

Сот процесстеріне Облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов қатысты.

Әлеуметтік әріптестермен бұл мәселе облыстық үшжақты комиссия отырысы күн тәртібіне шығарылып қаралды, облыстық кәсіподақтар алаңында мәселе бойынша компания басшыларымен жиналыс өтіп, түсіндірмелер жүргізілді.

Еске сала кетейік, “КазПетролГрупп” серіктестігі 2021 жылғы 15 қазанда 12 жұмыскермен “Тараптардың келісімі бойынша” негізімен еңбек шартын бұзған. Бұл 12 азамат компанияда кәсіподақ ұйымын құрған бастамашыл топ мүшелері болатын.

Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі қызметінде бірегей кейске айналған бұл іс бойынша жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау және мүдделерін білдіру әрі қарай жалғасатын болады.