Шет ауданындағы кәсіподақ ұйымы аудан әкіміне балалар қауіпсіздігіне қатысты ұсыныстар жасады

Қазір еңбек ұжымдарында әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету және ұжымдық дауға жол бермеу – ең өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан, Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясы 2022 жылды Әлеуметтік әріптестікке арнады.

Осы орайда Жезқазған білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы атқарушы билікпен өзара әлеуметтік әріптестік қарым-қатынастың тамырын тереңдіп, сол арқылы кәсіподақ мүшелерінің қолайлы тұрмысын қамтамасыз ету жолында ілкімді істер атқаруда.

Шет аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Қайрат Биғожиннің аудан әкімі Мұхит Мұхтаровпен кездесуі соның бір көрінісі.
Биылдан бастап аудан бюджетінен төленетін біржолғы коммуналдық төлемнің ұлғайғаны мұғалімдерге зор қолдау екенін алға тартқан Қайрат Ерболатұлы балалардың қауіпсіздігі мен коммуналдық салаға қатысты бірқатар орынды ұсыныс білдірді.

Кәсіподақ төрағасын мұқият тыңдаған Мұхит Сайлауұлы айтылған ұсыныстардың жерде қалмайтынына сендіріп, биыл Балалар жылы аясында жүзеге асатын жобалармен таныстырды. Ауданда бассейн құрылысын жоспарлаған әкімдік жазғы уақытта жеткіншектер жасанды бассейннің қызығына кеңелетінін айтты.
Кездесудің соңында Шет ауданының өркендеуі жолында бірлесе жұмыс жасауға келіскен тараптар білім саласын дамыту мен еңбеккерлердің еңбек жағдайларын жақсарту бойынша бірқатар мәселені талқыға салды.