«Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» жұмыскерлері жалақыны көтеруді талап етті

1 наурызда Қызылордада «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамының вахталық жұмыскерлері жұмыс берушіден жалақыны елу пайызға көтеруді талап етті.

Бұл талапты мұнайшылар бұған дейін компания басшылығына жеткізіп, мәселенің шешімін біршама уақыт күткен болатын. Аймақтағы ең ірі мұнай компаниясының жұмыскерлері 2018 жылдан бері мардымды көтерілмеген жалақыларының 15 пайызға және қызметкердің еңбек өнімділігін бағалау көрсеткішіне сәйкесінше көтеру туралы шешіміне келіспеушіліктерін білдіріп, компанияның әкімшілік кеңсесі алдына жиналды.

Кейін олармен компания кеңсесінде басшылық өкілдері кездесіп, келіссөздер жүргізді. Келіссөздер алаңына аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев, төраға орынбасары Марат Бәйімбетов, облыстық еңбек саласын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Тұмар Шалбаева қатысты.

Кездесу барысында компанияның кәсіподақ төрағасы Бақытжан Мұқашева жұмыскерлердің жалақыны көтеру туралы талаптары мен жұмыс берушінің қабылдаған шешіміне наразылықтарын жұмыс берушілер өкілдеріне жеткізді. Өз кезегінде жұмыс берушілер өкілдері компанияның қазіргі қаржылық жағдайы мен жалақыны өсіру мүмкіндіктерінің шектері туралы өз уәждерін айтты.

Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі тарапынан мәселені келіссөздер алаңында шешу мақсатында жұмыс берушілерге вахталық жұмыскерлердің жалақысын көтеру мүмкіндігін жан-жақты қарастыру, инженерлік, басшылық, әкімшілік қызметкерлердің жалақыларын дифференциальды тәсілмен көтеруді қолдану ұсынылды

Наразылық білдіруші жұмыскерлермен кездесу қорытындысында жұмыс берушілер өкілдері компанияның инвесторларымен тиісті келіссөздер жүргізетіндігі және 1 сәуірге дейін түпкілікті шешім қабылданатыны туралы келісімге келді.