2 наурызда ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің қатысуымен Қызылорда облысы Кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Қызылорда облысының Кәсіподақ орталығы 12 салалық кәсіподақ және оның құрамындағы 1 018 бастауыш кәсіподақ ұйымының басын қосады, онда 101 632 кәсіподақ мүшесі бар. Бұл облыстағы жұмыспен қамтылған халықтың 31,1 пайызы. Жыл басынан бері жаңа 19 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылған, кәсіподақ мүшелері 837 жұмыскермен толықты.
Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі Үйлестіру кеңесінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев өңір кәсіподақтарының 2021 жылы атқарған жұмыстары туралы баяндама жасады. Ол әлеуметтік әріптестік туралы айта келе, арадағы өзара қарым-қатынас Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған өңірлік үшжақты келісім шеңберінде жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
2021 жылы Кәсіподақ орталығы төрағысының төрағалығымен өңірлік үш жақты комиссиясының 5 отырысы өткізілген, соның үшеуі кәсіподақтар алаңында өткен. Облыстық үшжақты комиссияның көшпелі отырысын аудандарда өткізу қолға алынған. Кәсіподақ бастамасымен еңбек даулары туындауы қаупі бар кәсіпорындарда жалақыны көтеру мәселесі, еңбек ұжымдарын ұжымдық шарттармен қамтуды кеңейту және өндірістік жарақаттың алдын алуға қатысты нақты шешімдер жайы қарастырылған. Кәсіподақ орталығы мәліметінше, қазір облыста 5 828 мекеме мен кәсіпорында ұжымдық шарт тіркелген. Бұл аймақта жұмыс істейтін кәсіпорын мен ұйымдардың 70%.
«Ұжымдық шарттардың әзірленуі және оның мазмұнының сапалылығы бойынша әлеуметтік әріптестерге ұжымдық шарттардың жасалуы деңгейін қала, аудан әкімдерінің жұмысын бағалау көрсеткіші есебіне енгізу ұсынылды», – деді Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы.
Мақсұт Нәлібаев облыстық үшжақты комиссияның 2021-2023 жылдарға арналған Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасын бекіткенін атап өтті.
Кәсіподақ ұйымы бар мекемелер мен кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі 736 өндірістік кеңес құрылған және 758 техникалық инспектор қоғамдық негізде жұмыс істейді.
Халықаралық еңбек ұйымы ұсынған «Нөлдік жарақат» қағидасын көздейтін «Vizion Zero» бағдарламасы облыста 33 мекемеде қабылданды. Қызылорда облысында 8 кәсіпорында «Халықтық бақылау» жобасы енгізілген.
Кәсіподақ орталығының мәліметінше, 2021 жылы облыста 42 жазатайым оқиға болып, 60 жұмыскер зардап шеккен, оның ішінде 14 адам қайтыс болған. Жазатайым оқиға жиі тіркелген сала – құрылыс (8 жағдай) саласы болып отыр. Жазатайым оқиғаның басты себепшісі – еңбек қауіпсіздігін қажетті деңгейде ұйымдастырмау.
Еңбек қауіпсіздігіне жеткілікті мән берілмеуі, жалақының төмен болуы, жұмысберуші тарапынан әлеуметтік кепілдіктің болмауы, әділетсіз кадр саясаты еңбек ұжымдарында әлеуметтік кикілжіңге алып келеді, деп атап өтті Кәсіподақ орталығынан. Сондықтан Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі кәсіпорындардағы жағдайға мониторинг жүргізіп келеді.
Еңбек ұжымдарының өзекті мәселесі бойынша Еңбек қатері картасына алынған 6 қызылордалық кәсіпорынның 5-уінде мәселе үшжақты комиссияда қаралған соң түпкілікті шешім тапты.
«Әлеуметтік әріптестермен бірлескен жұмыс нәтижесінде «СНПС «АйДан Мұнай» компаниясы жұмыскерлерінің жалақыны көтеру туралы талабы қанағаттандырылып, 2022 жылдың 1 ақпанынан бастап жалақы 50 пайызға өсті. 2021 жыл басынан «ҚуатАмлонМұнай» БК ЖШС жұмыскерлері жалақыны көбейту және ұжымдық шарттағы қаралған әлеуметтік көмектердің сақталуын талап еткен. 2021 жылғы 22 желтоқсанда 320 жұмыскер жұмыс берушіге талаптары орындалмауына байланысты наразылығын білдірді. Осы жылдың 28 ақпанында жұмыскерлердің талабы толық қанағаттандырылып, жалақысы 50 пайызға көтерілді», – деді Кәсіподақ орталығының төрағасы Мақсұт Нәлібаев.
Облыс көлемінде еңбек қатынастарына байланысты шиеленіс орын алған кәсіподақ ұйымы құрылмаған кәсіпорындарда да әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырыпы кәсіподақ тарапынан түсіндірме жұмысы жүргізілді. Өз кезегінде осы шиеленістерден кейін еңбек ұжымында кәсіподақ ұйымының құрылуы қолға алына бастады.
Қызылорда облысының Кәсіподақтар орталығы тұрақты түрде кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмек көрсетеді. Былтыр Заң клиникасына 927 рет көмек сұралған, оларға заңнамалық кеңес берілген.
Мақсұт Нәлібаевтың айтуынша, кәсіподақ өкілдері кәсіпорын жұмыскерлеріне соттарға қатысуы барысында көмек берген. Қызылорда облысы Кәсіподақ орталығы жұмыстан шығарылған «КазПетролГрупп» ЖШС-ның 12 жұмыскерінің құқығын қорғап қалды. Олар 2021 жылы қыркүйек айында кәсіподақ құру бастамасы үшін жұмыстан босатылған.
«Биыл ақпан айында Қызылорда қалалық соты жұмыскерлерді қайта жұмыстарына орналастыру, оларға бос жүрген уақыттарына айлықтарын төлеу жөнінде шешім қабылдады. Сот жұмысберушінің еңбек шартын бұзу жөніндегі негіздемесі азамат құқығын бұзады (ҚР Еңбек кодексінің 50-бабы, 3-тармағы), заңсыз деп тапты», дейді Мақсұт Нәлібаев.
Еңбек даулары туындаған «CNEC» ЖШС, «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «Аралтұз» АҚ еңбек ұжымдарында ахуал тұрақты, мәселелер аумақтық кәсіподақтар бірлестігі тарапынан бақылауға алынған.
Кәсіподақ орталығы кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауатына мән береді. Есепті кезеңде 500 кәсіподақ мүшесіне арналып жеке еңбек дауларын келісім комиссиясында қарау тәртібі, Еңбек кодексіндегі өзгерістер туралы 12 семинар өткізілді. Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы Майра Боранбаева семинарларда дәріскер ретінде жиі қатысады.
Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы аясында аумақтық кәсіподақтар бірлестігі 56 кәсіпорындағы еңбек ұжымдарымен кездесу өткізді.
Үйлестіру кеңесі отырысында кеңс мүшелерімен бірге бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері қатысты. «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ жергілікті кәсіподағының төрағасы Бақытжан Мұқашева қызылордалық мұнайшылар үшін жалақыны өсіру ең басты өзекті мәселе екенін атап өтті.
«Кәсіподақтар федерациясының және қызылордалық Кәсіподақ орталығының қолдауымен өңірдегі 7 мұнай кәсіпорнында бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Алайда соңғы кездері салалық мұнай-газ кешені кәсіподағынан ешбір қолдау көрмедік», – деді Бақытжан Мұқашева.
«Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК кәсіподақ ұйымы төрағасы Ғалымжан Қайырбергенов энергетика саласындағы жалақының төмен екендігіне назар аударды.
«Инфляцияға қарамастан энергетиктер жалақысы 5 пайызға ғана өсті. Яғни, энергетика компаниясы жұмыскерлерінің жалақысы бұрынғысынша төмен күйде қалды, бұл кадрдың тұрақтамауына себепші болып отыр. 2020 жылы біздің саладан 92 жұмысшы кетсе, былтыр 115 адам жұмысынан шығып кетті. Энергетиктер жалақысының мөлшерін көрген жас мамандар бұл салаға келмейді», – деді Ғалымжан Қайырбергенов.
«Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы Қызылорда облыстық филиалы төрағасы Асылхан Абылайханұлы медицина саласы кәсіподағының өңірлік филиалының жұмысы туралы айтып берді.
Қызылордалық әріптестерін мұқият тыңдап шыққан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин еңбек дауларына себепші болатын барлық мәселелер – ең алдымен әлеуметтік әріптестік бойынша жұмыс беруші және жұмыскерлер арасында бастауыш ұйым деңгейінде қарастырылып, шешімін табуы керектігін атап өтті. Алайда еңбек дауындағы жүйелі түрде орын алатын мәселелердің бұған қатысы жоқ.
«Еңбек дауының шығуының басты себебі – жалақының төмендігі. Яғни, жұмысберушінің жұмыскермен диалогқа бармауынан және олардың талаптарына мән бермеуі салдарынан мәселе шешімін таппай жатыр. Біз әлеуметтік әріптестерімізге осы мәселені шешу үшін Еңбек кодексіне өзгеріс енгізу туралы ұсыныс бердік. Оның ішінде ең бірінші еңбек ақы төлеу жүйесін қалыптастыру туралы. Қазір еңбек ақы төлеу жүйесін қалыптастыру жұмысберушінің құқығында. Бұл жерде түбегейлі ұсыныс беріп отырмыз, еңбекақы төлеу жүйесін қалыптастыруда кәсіподақтың пікірі де ескерілуі керек. Ол заңнамада бекітілуі тиіс. Екінші – еңбекақыны индексациялау мәселесі. Ұжымдық шарттарды зерделегенде индексациялау олардың 10 пайызында ғана қарастырылғанын көрдік. Еңбекақыны индексациялауды ұжымдық шартта қарастыру талабын заң бойынша енгізу туралы ұсыныс бердік. Үшінші мәселе – ең төменгі жалақы мөлшеріне қатысты. Ең төменгі жалақы мөлшерін жыл сайын өсіріп отыру туралы ұсыныс берілді. Сонымен қатар, Халықаралық еңбек ұйымының 131-конвенциясын ратификациялау қажет. Оған сәйкес ең төменгі жалақы деңгейі орташа жалақының 50 пайызынан кем болмауы тиіс», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы