Түркістандық кәсіподақтар жылды қорытындылады

Түркістандық кәсіподақтар жылды қорытындылады

3 наурызда бейсенбі күні ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешевтің қатысуымен Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Жиынды ашып сөз сөйлеген Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің және салалық кәсіподақтар филиалдарының 2021 жылы атқарған жұмысына қатысты баяндама жасады.

Өңірде 6 салалық кәсіподақ филиалы және 4 жергілікті кәсіподақ бар. Олардың құрамына 904 бастауыш кәсіподақ ұйымы кіреді. Былтыр 62 мекемеде бастауыш кәсіподақ ұйымы ашылып, 3 654 адам кәсіподақ мүшелігіне тартылған.

Бердіғали Өмірәлінің айтуынша, былтыр облыста Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссия 6 отырыс өткізген. Отырыстарда еңбек даулары, жалақы берешектеріне қатысты 4 мәселе қаралып, оның барлығы бойынша оң шешім қабылданған.

«Үш жақты комиссия хаттамасымен «Түркістан облысында 2025 жылға дейінгі еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспары» қабылданды. Комиссия жұмысының басты мақсаты – жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасындағы еңбек қатынастарын ұжымдық шарт арқылы реттеу, қоғамда әлеуметтік тұрақтылықты сақтау және халықты жұмыспен қамтамасыз ету», – деді Кәсіподақтар орталығының төрағасы.

Бердіғали Өмірәлінің айтуынша, түркістандық кәсіподақтар былтыр өңірдегі жұмысберуші мен жұмысшы арасындағы бірқатар еңбек дауын реттеуге атсалысқан.

«2021 жылы «Шардара автобус паркі» ЖШС-ндағы еңбек дауы бойынша аумақтық кәсіподақтар бірлестігі жұмыс берушімен келіссөз жүргізуінің арқасында жұмыскерлердің жалақысы көтеріліп, жағдай тұрақталды.

Сондай-ақ, «Тұраркент-су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында жалақы мөлшерінің төмен болуына байланысты жұмысшылар наразылық білдірді. Осы мәселе үшжақты комиссия отырысына қаралып, нәтижесінде жұмысшылар көтерген мәселелер оң шешімін тапты», – деді Түркістан облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы.

Кәсіподақтар орталығы жетекшісінің айтуынша, жұмыс берушімен келіссөздер жүргізу нәтижесінде «Састөбе цемент» зауытында жұмысшылар саны қысқартылмай, мекеме басшылары зауытқа қажетті жаңа қондырғылар алып, жұмыс орындарын сақтап қалғанын атап өтті.

Сондай-ақ, «Қазпошта» акционерлік қоғамында 30 адам қысқартуға ұшырап, кәсіподақтың араласуымен олар қайтадан жұмыспен қамтамасыз етілген.

«Леңгір су» МКК мекемесінде жалақы қарызы бойынша наразылық болған. Кәсіподақтар орталығы араласуының нәтижесінде мекеме басшысы ауыстырылып, мәселе оң шешімін тауып, жағдай тұрақталды», – деді Бердіғали Өмірәлі.

Кәсіподақ орталығы жетекшісінің айтуынша, былтыр өндірістік жарақат алуға қатысты 74 оқыс жағдай тіркелген.

«Жазатайым оқиға кезінде жалпы 86 адам зардап шеккен, 6 адам қайтыс болып, 23 адам ауыр дәрежеде,14 адам орта дәрежеде, 43 адам жеңіл дәрежеде жарақат алған. Өндірістік жарақат орын алған мекемелердің 8-інде кәсіподақ ұйымы бар. Осы мекемелерде алдағы уақытта жазатайым оқиғаларға жол бермеу мақсатында арнайы жол карталары бекітілді», – деді Кәсіподақ орталығының төрағасы.

Сонымен қатар, Кәсіподақтар бірлестігі мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасымен бірге соңғы екі жылда жазатайым оқиға болған 57 мекемеде «Еңбек қауіпсіздігі», «Өндірістік қауіпсіздік, еңбек жағдайлары және еңбекті қорғау», «Кәсіподақтың жұмысы, ұжымдық шарттың құқықтық негіздері» тақырыптарында семинар өткізген.

Кәсіподақ орталығы ұжымдық шарт жасаған мекемелердің санын арттыруға үлесін қосып жатқанын атап өтті.

«Қазіргі таңда облыста 4 876 мекеменің ұжымдық шарты тіркелген. Жыл басында облыс аумағындағы мекемелер мен кәсіпорындарды ұжымдық шартпен қамту деңгейі 70 пайызға жеткен», – деді Кәсіподақ орталығының төрағасы.

Бұдан бөлек, «Қалың қалай бастауыш ұйым?» акциясы аясында 5 еңбек ұжымымен онлайн форматта, 111 еңбек ұжымымен оффлайн форматта кездесу өткізілді. Сонымен қатар, өткен жылы қазан айында Кәсіподақтар бірлестігі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына және Кәсіподақтар күніне орай «Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының форумын» ұйымдастырған.

Кәсіподақтар бірлестігінің «Татуласу орталығы» кәсіподақ мүшелеріне жүйелі түрде құқықтық көмек көрсетіп келеді. Өткен жылы 89 адамға тегін кеңес берілді. Оның ішінде 25-і еңбек дауы, ал 65-і әлеуметтік дау қаралып, 5 адам психологиялық көмек алған.

Сондай-ақ, заң клиникасынан түрлі құқықтық көмек алу үшін 28 кәсіподақ мүшесі жүгінген.

«2022 жылы еңбек кикілжіңі қаупі жоғары аймақтарда еңбек дауының алдын алу және келіссөздер жүргізуге облысымызға белгілі кәсіподақ белсенділері – 7 адамнан тұратын пулл қалыптастырылды. Сондай-ақ, еңбек дауларының алдын алу мақсатында қызметкерлер мен жұмыс берушілер үшін еңбек заңнамасының негіздерін түсіндіру, келіссөз жүргізу дағдысын дамыту және еңбек жанжалдарында консенсусқа қол жеткізу бойынша бірлескен семинар мен тренинг өткізу жоспарлануда», – деді спикер.

Жиында сөз алған «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Түркістан облыстық филиалының төрайымы Күлдар Есебаеваның айтуынша, былтыр филиалда 13 бастауыш ұйымы құрылғанын жеткізді. 374 жаңа кәсіподақ мүшесі қатарға қосылған.

Өңірде барлығы 395 бастауыш ұйым жұмыс істейді, олардың дені ауылда, аудан орталықтарында қызмет етеді. «Қалың қалай бастауыш ұйым?» республикалық акциясы аясында былтыр филиалдың бастауыш ұйымдарының 60 пайызымен кездесу өткізілген. Күлдар Есебаева қатардағы кәсіподақ мүшелерін қандай сұрақтар мазалайтынын айтып өтті.

«Кездесулерде көбіне кәсіподақ жарналарының әркелкі болуы, федерация шипажайларына жолдамаға  жеңілдік беру мәселесі, әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын төмендету, жалақы мөлшерін ұлғайту жайы жиі көтеріледі», деді  Күлдар Есебаева.

Бұдан кейін сөз алған ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев кәсіподақ ұйымының сауықтыру орны – Жамбыл облысындағы «Меркі» шипажайында қолға алынған жаңа жоба туралы жиналғандарға айта кетті. Жобаның ерекшелігі кез келген кәсіподақ мүшесі порталға тіркеліп Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен медициналық оңалту бағдарламасы бойынша сауықтыру ем-шарасын қабылдай алады.

Нұрлан Өтешев Бурабайдағы тағы бір шипажайда осы тәжірибені қолдану жоспарланып отырғанын жеткізді.

Бұдан кейін сөйлеген Түркістан облысы бойынша ауыл, орман шаруашылығы табиғат және жануарлар әлемін қорғау қызметкерлерінің кәсіподағының жергілікті қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сапарғали Шолданбаев жаңа ұжымдардың кәсіподақ қатарына қосылғанын атап өтті.

«Біздің филиалдың атқарған жұымыс барысында 3 үлкен мекеменің 261 жұмыскері кәсіподақ мүшелігіне өтті. Сол мекемелердің бәрімен тығыз қатынастамыз, еңбеккерлердің сұрақтарына жауап беріп келеміз», – деді Сапарғали Шолданбаев.

Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев бастауыш ұйымдармен кездесу тұрақты өткізіліп тұратынын, қатардағы кәсіподақ мүшелерінің талаптарынан хабардар екенін айтты.

Нұрлан Өтешев жергілікті жердегі локальды мәселелер барлық өңірлерде кездесетіндіктен оларды жеке-жеке шешпей, республика деңгейінде топтастыра отырып мемлекеттік орган құзыретінде, Үкіметтің қаулысы бойынша немесе заң аясында біржолата шешілу керек деп санайтынын жеткізді. Сонымен қатар, ол кәсіподақ белсенділері Парламент депутаты болып сайланғанын, солардың көмегімен еңбеккерлер мәселелері және соны шешуге қатысты кәсіподақ ұсыныстары көтеріліп жатқанын атап өтті.

«400-ге жуық кәсіподақ қозғалысының жетекшілері, белсенділері облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланған. Кейбір мәселелер республикалық деңгейде емес облыстық деңгейде, жергілікті ауқымда шешілетіндіктен, әріптестеріміз солардың шешім табуына да атсалысуы қажет», – деді Нұрлан Өтешев.

Жиын соңында Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары түркістандық әріптестеріне жыл бойы атқарылған жұмыстары үшін алғыс айтып, әлеуметтік әріптестік аясында еңбек адамының құқығы мен мүддесі қорғауды жалғастыра беруге шақырды.