Медицина қызметкерлерінің біліктілік санатына төлемақы беру мәселесі шешіледі

3 наурызда, бейсенбі күні «Қалың қалай бастауыш ұйым?» республикалық акциясы аясында ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев Қарағанды қаласындағы «Мақажанов атындағы көпсалалы облыстық аурухана» ШЖҚ ұжымымен кездесті. Кездесу видеоконференция байланысыы арқылы өтті.

Жиында сөз алған Қарағанды облысы Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Болат Жұмабековтің айтуынша, екі жылдан бері Кәсіподақтар федерациясы өткізіп келе жатқан «Қалың қалай бастауыш ұйым?» республикалық акциясы ҚР Кәсіподақтар федерациясының басшылығына, Мәжіліс депутаттарына, салалық кәсіподақ басшыларына кәсіподақтың қатардағы мүшелерімен тікелей байланысқа түсіп, олардың талаптары мен еңбек ұжымдарына өзекті мәселелерге жедел жауап беруге мүмкіндік берген.

Бүгін кездесу өтіп жатқан «Мақажанов атындағы көпсалалы облыстық аурухана» ШЖҚ МКК Қарағанды облысындағы денсаулық сақтау саласының ірі мекемелерінің бірі. Көп жылғы жемісті тәжірибені негізге ала отырып жұмыс істейтін ауруханада жоғары деңгейде көмек көрсетуге қажетті түрлі саланың бөлімшелері бар, деді Болат Жұмабеков.

Клиниканың құрылымы пациентті толық емдеуді қамтамасыз етуге ыңғайлы ұйымдастырылған. Диагностикалау кезінен бастап, неврология, хирургия, травматология және терапевт емдеуінен оңалтуға дейін бәрі бар. Пациент қосымша көмек үшін басқа мекемелерге жүгінудің қажет жоқ. Клиникада 207 нейро-неврология орны, 177 ортопедотравматология төсегі, 100 хирургия бағытындағы, 69 жалпы емдеу бойынша және 12 анестезиология мен реанимация бөлімшесінің төсегі бар.

Бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысы туралы «Мақажанов атындағы көпсалалы облыстық аурухана» ШЖҚ МКК-дегі бастауыш SENIM кәсіподақ ұйымының төрағасы Андрей Пан айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, медицина мекемесінде 123 қызметкер жұмыс істейді. Олардың барлығы SENIM салалық бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері.

«Кәсіподақ ұйымы мен клиника әкімшілігі арасындағы байланыс әлеуметтік әріптестік аясында жүргізіледі. Жұмысберуші мен жұмыскердің қарым-қатынасы 2020-2022 жылдарға арналған ұжымдық шартта қарастырылған. Құжат талаптарын екі тарап та мүлтіксіз орындауы тиіс. Кәсіподақ комитетінің іске асқан жаңа бастамасының бірі – еңбеккердің тұрғын үй мәселесін шешу. 2021 жылы клиника әкімшілігі, SENIM Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы филиалы және «ККК ЛТД» ЖШС құрылыс фирмасы арасында меморандум жасалды. Құрылыс компаниясы қызметкерлерге арнап жеңілдікпен пәтерлер беруі тиіс», – деді Андрей Пан.

Сонымен қатар, әлеуметтік әріптестер кіші персоналдардың 12 қызметшісін орта медицина персоналының біліктілігін оқуы үшін Қарағанды облыстық жоғары мейіргерлік колледжінде дуальді оқу ақысын төлеу жөнінде келісімге келген.

Андрей Панның айтуынша, бастауыш кәсіподақ ұйымы қызметінің бір бағыты – кәсіпорындағы еңбеккердің саулығы мен қауіпсіз еңбек жағдайы құқығын қамтамасыз ету. Оның қатарында өндірістік жарақатты және кәсіби сырқаттардың пайда болуын ескертетін заманауи қауіпсіздік құралын енгізу бар. Өйткені коронавирус пандемиясы кезінде бұл өте өзекті.

«SENIM Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы Қарағанды облысы филиалы мен орталық аппаратының тапсырмасы бойынша 100 мыңнан 250 мың теңгеге дейін 7 қайырымдылық сертификатымен қолдау және коронавирус инфекциясынан көз жұмған медицина қызметкерінің отбасына 1 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілген. Еңбекке жағдай жасау және қорғауды мониторингілеу жүйесін дамыту және жетілдіру, кәсіпорын жұмыскерін арнайы киіммен және жеке қорғаныш құралдарымен жабдықтау, сүт беру қолға алынған. Бұл міндеттер кәсіподақ комитетінің ұдайы бақылауына алынған», – деді кәсіподақ комитетінің төрағасы.

Медициналық мекеменің директоры Талғат Жүкен мен SENIM Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігі Қарағанды облысы филиалының төрағасы Ноян Бидайбаев әлеуметтік әріптестердің бірлескен жұмысы туралы айтып берді.

Кездесуге қатысқан аурухананың медицина қызметкерлері медицина қызметкерлерінің құқықтық қорғалуы, медицина саласындағы жалған ақпаратпен күрес, медицина қызметкерлерінің санатына төлемді алып тастау секілді өздерін алаңдатқан сұрақтарды қойды.

«2020 жылдың ортасынан бастап Денсаулық сақтау туралы кодексте медицина қызметкерлерінің санаттары жойылды. Санаты алынып тасталған еңбек сіңірген қызметкерлердің жалақысы штатқа алынған резидент дәрігермен теңескен. Жаңа талап бойынша мекеме төлемді өзі қарауынша белгілейді. Бұл өз кезегінде мекемелер арасында жосықсыз бәсекеге алып келеді. Медицина қызметкерлерінің біліктілігін бағалау жөніндегі жаңа талаптарды әзірлеу керек», – дейді дәрігерлер.

Қарағандылық әріптестерінің сұрақтарына жауап бере отырып SENIM Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сапарбек Дүйсенов медицина қызметкерлерінің біліктілігін бағалаудың жаңа талаптарына қатысты мәселе шешімін табатынын жеткізді.

«Үш жақты салалық комисия аясында осы аптада біліктілік санаттары бойынша төлем беру жөніндегі қосымша келісімге қол қою жөнінде шешім қабылданды, мәселе салалық келісім аясында шешіледі», – деді Сапарбек Дүйсенов.

Өз кезегінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева Парламентте медицина саласының мәселелері ұдайы көтеріліп тұратынын айтты.

«Таяуда Парламентте денсаулық сақтау саласына қатысты заңнама талқыланады. Онда біліктілік санаттары, дәрігердің кәсіби қателігі секілді көптеген сұрақтар қаралады. Қазіргі заңнамаға кәсіподақтың, депутаттардың көңілі толмайды», – деп атап өтті депутат Е.Смышляева.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев медицина қызметкерлерінің назарын аудара отырып Кәсіподақ федерациясы Бас кеңесі жариялаған Әлеуметтік әріптестік жылындағы ҚР КФ қызметінің маңызды бағыттары туралы айтып берді.

«Кәсіподақтар федерациясы өкілдері еңбек заңнамасын жетілдіруге қатысты ұсыныстар топтамасын әзірлейтін ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері. Кәсіподақтардың қатардағы мүшелерінен келіп түскен барлық өзекті сұрақтарға федерацияда мән беріледі және әлеуметтік әріптестермен талқыланады», – деді Мұхтар Тінікеев.

Ол ҚР КФ-нің Үкіметке берген нақты ұсыныстарының негізгі тұстарына тоқталды.

«Ұсыныстар топтамасында біз жалақыны жыл сайынғы индекстеуді заң бойынша бекітуді атап өттік. Біздің ұсыныстарымыз бойынша қазір өңірлік үшжақты комиссия келісімдері мен ұжымдық шарттар кәсіпорын мен мекемелер қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету тиімділігі талданады. Бұл жұмысты біз әлеуметтік әріптестерімізбен бірге жүргіземіз», – деді ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары.

Мұхтар Тінікеев 2021 жылы 79 еңбек дауы болғанын, алайда кәсіподақ ұйымы бар кәсіпорындарда жұмыскерлердің құқығы сақталып, ұжымдағы шиеленіс жедел шешімін тапқанын атап өтті. Оның пікірінше, «еңбек қоғамы кәсіподаққа біріккенде әлеуметтік-еңбек құқықтарын тиімді қорғалатынын түсіне бастайды».

Мұхтар Тінікеев медицина саласының қызметкерлерін денсаулық сақтау саласын дамыту және еңбеккерлердің саулығын сақтау жолындағы күнделікті ауыр еңбектері үшін алғыс айтты.

Еске сала кетсек, «Қалың қалай бастауыш ұйым?» республикалық акциясы басталғалы бері еңбек ұжымдарымен 1 мыңнан астам кездесу өткізілген. Оларға 57 мыңнан астам кәсіподақ мүшесі қатысты. Бес жүзден астам күрделі мәселенің 392-і шешімін тапты, қалған жүзге жуығы ҚР Кәсіподақтар федерациясы бақылауына алынған.

ҚР Кәсіподақтар федеорациясының медиаорталығы