Үшжақты комиссия жалақы қарызын төлеу мәселесін қарастырды

Ақтөбеде әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысында еңбек жанжалдарының алдын алу, ереуілдерде көтерілген мәселелер, оларды шешу жолдары қаралды.

Комиссияның тең төрағасы және Ақтөбе облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы А.Әмірғалиев өңірдегі еңбек дауларына қатысты бірқатар маңызды мәселелерді атап өтті.

Отырыста Ақтөбе қаласындағы “QazServiceGroup” ЖШС, “Облыстық жедел жәрдем станциясы” МКК, «Экотон Батыс», «КСБ Групп» кәсіпорындарындағы жұмысшылардың жалақы көтеру туралы талаптары жан-жақты қаралып, еңбек наразылығына жол берген кәсіпорын басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.

Сондай-ақ, “Mining Inert Materials” ЖШС филиалының жұмысшыларға жалақы бережағының сот өндірушілермен әлі де жеткілікті іске асырылмай отырғандығы айтылды.

Отырыс қорытындысы бойынша комиссия мүшелері қатысып отырған кәсіпорындарға осы мәселелерді шешуге нақты тапсырма берді.

«Экотон Батыс» және «КСБ Групп» серіктестіктері басшылары жұмысшыларына жалақыны 25 пайыз көлемінде көтеруге міндеттеме алды.