БҚО бастапқы әскери дайындық пәні мұғалімдері: Оқу жүктемесіне сәйкес айлық төленбей отыр

Батыс Қазақстан облысы Кәсіподақ орталығының  заң клиникасы филиалында бастапқы әскери дайындық пәні мұғалімдерінің өтініштері қаралды.

Облыстық білім және ғылым саласы кәсіподақ ұйымына Ақжайық, Бөрлі, Бөкейордасы, Тасқала, Теректі, Жаңақала, Бәйтерек, Сырым аудандық білім бөлімдеріне қарасты білім беру мекемелерінің бастапқы әскери және технологиялық даярлықты ұйымдастырушы оқытушылары атынан 2021 жылдың желтоқсан айында өтініш түскен болатын.

Өтініште, аудандық білім беру мекемелерінің бастапқы әскери және технологиялық даярлықты ұйымдастырушы оқытушылары «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәні бойынша лауазымдық жалақы және апталық жүктемесі бойынша оқу жүктемесіне сәйкес айлық төленбей отырғанын мәлімдеген.

Бұл мәселе, Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атқару комитетінің отырысында күн тәртібіне шығарылып, БҚО білім басқармасы және Орал қалалық білім беру бөлімінің басшыларының қатысуымен қаралды.

Облыстық кәсіподақ аппаратының бас – маманы, ҚР КФ «Заң клиникасы» БҚО филиалы заңгері Г.Құрмангазиева Мемлекеттік ұйымдар педагогтерінің жалақысын есептеу қағидаларын бекіту туралы ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылы 11 мамырдағы № 191 (10.12.2021 ж. № 588) бұйрығына енгізілген өзгерістерге тоқталып, бастапқы әскери және технологиялық даярлықты ұйымдастырушы оқытушылардың айлық жалақысын есептеу лауазымдық жалақыдан және жалпы негіздерде есептелетін нақты апталық жүктеме бойынша оқу сағаттарына ақы төлеуден құралатыны туралы  және оқушылардың жазғы дала жиындарын өткізу жеке төленбейтіндігін жеткізіп, жаңартылған білім беру мазмұны үшін қосымша ақы нақты оқу жүктемесін ескере отырып, бастапқы әскери даярлықты ұйымдастырушы оқытушының (бастапқы әскери және технологиялық даярлықты ұйымдастырушы оқытушының) лауазымдық айлықақысына 30 % мөлшерінде белгіленгені туралы айтты.

Кәсіподақ Атқару комитеті отырысында облыстық кәсіподақ төрағасы Марат Даупаев – «Кәсіподақтың білім және ғылым саласы қызметкерлері үшін еңбек жағдайын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі 2021 – 2023 жылдарға арналған Әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісімнің V бөлімінің  5.16. тармағында «Бастауыш әскери дайындық жөніндегі оқытушы – ұйымдастырушылардың (алғашқы әскери және технологиялық дайындық оқытушы – ұйымдастырушылар) айлық жалақысы лауазымдық айлықақы және апталық жүктеме бойынша нақты оқу сағатына жалпы негізде есептелген ақыдан құралады» деп нақты көрсетілгендіктен, орындалуға тиіс екендігін және осы мәселенің Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ төрайымы Айгүл Мұқашева және құқықтық бөлімнің басшысы Райхан Қыдырбаевалардың ықпал етуі арқасында  оң шешімі табылғанын айтып өтті.

Жалпы елдегі  бастапқы әскери және технологиялық даярлықты мектептердегі ұйымдастыру мәселесін жақында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Е.В. Смышляева ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында көтерді. Бұл мәселе кәсіподақ ұйымдарының бақылауында болады.