Әйел бақыты – қоғам айнасы

Қызылорда облысының мемлекеттік архивінде Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай архив қорындағы жеке тектік қор иелері және түрлі салада еңбек етіп жүрген, қоғамда белсенді нәзік жандылардың қатысуымен ” Әйел бақыты – қоғам айнасы” атты кездесу ұйымдастырылды.

Кездесуде архив басшысы Жанат Абзалиева қонақтарды 8 – наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтап, облыстық архив қорындағы жеке тектік қорларға шолу жасады.

“Бүгінгі қоғамның барлық саласында ерлермен теңдей еңбек етіп жүрген нәзік жандылар, аяулы аналарымыз қаншама. Біздің архивте көптеген тарихи мұралар сақталған, тектік қордың иелерінің ішінде де Сыр елінің еңбекқор, қайсар қыздары туралы мағлұматтар өте көп, ол мұрағаттардың мәнісі зор”, – деді Жанат Абзалиева.

Мерекелік кездесуде облыстық архивтің жеке тектік қорынан орын алған әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Күлән Қалымбетова, Қазақстан жазушылар одағы Қызылорда облыстық филиалының директоры, ақын, Қазақстанның Құрметті журналисі Қаршыға Есімсейітова өз еңбек жолдары естеліктерінен тәлімді әңгіме өрбітті. Қонақтар қатарында Облыстық кәсіподақтар орталығының еңбеккер әйелдер ісі жөніндегі комиссия төрайымы Майра Боранбаева кездесуде еңбек нарығындағы әйелдер орыны мен аналар еңбегін қорғаудағы тың жаңалықтар туралы айтты. Ол кездесуге қатысып отырған студент жастарды қоғамдағы белсенділікті арттыра, өзін-өзі дамытуды қолға алып, әрдайым ізденіс үстінде болуға шақырды. Сонымен қатар кездесуде білім, өнер, журналистика саласындағы әйел-аналар, жас мамандар әйелдердің қоғамдағы ролі тұрғысында өз пікірлерімен бөлісті.

Шарада Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғарғы колледжінің «Дәстүрлі ән-жыр» бөлімінің студенттері әйел-аналарға арналған ән-жырдан шашу шашты.

Сонымен қатар, мерекелік шарада «Әйел-ана-тіршіліктің тірегі» атты көрмесі таныстырылымы өтті.