Жамбыл облысында ұжымдық шартпен қамту деңгейі республикадағы ең жоғарғы көрсеткішке жетті

Бейсенбі, 10 наурыз күні ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешевтің қатысуымен Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Жиынға Үйлестіру кеңесінің мүшелері, салалық кәсіподақ ұйымдары филиалдары мен жергілікті кәсіподақ ұйымдары және бастауыш ұйымдарының төрағалары қатысты.

Жиынды Үйлестіру кеңесінің төрағасы, Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов ашты.

Бұдан кейін Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Бақтияр Қарауылов 2021 жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.

Оның айтуынша, кәсіподақтар бірлестігі  14 салалық кәсіподақ ұйымдарының жұмысын үйлестіріп отыр.  Былтыр Үйлестіру кеңесінің 5 отырысы өткізіліп, күн тәртібінде жалақы қарызына жол бермеу, өндірістік жарақаттың алдын алу, Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы аясында жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымдарын ашу және өзге де мәселелер қаралған.

Әлеуметтік әріптестік аясында жыл басынан  бері облыста үшжақты комиссиялардың 47 отырысы аудандық-қалалық деңгейде өткізілген.

Бақтияр Қарауылов кәсіподақ ұйымдары еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеуші басты құрал – ұжымдық шарт жасауға басты назар аударғанын атап өтті. Өңірде ұжымдық шартпен қамтылу деңгейі 99,9 пайызға яғни, республикадағы ең жоғарғы көрсеткішке жеткен.

«Облыста тіркелген  11 мыңға жуық кәсіпорынның 6 869-ында ұжымдық шарт жасалынған. Тараз қаласы мен аудандардағы жұмыс берушілер бірлестігіне мүше 4 020 ұйымда бірыңғай ұжымдық шарт қабылданған. Бұл жерде мемлекеттік меншік түріндегі 45 ірі кәсіпорын, 246 орта кәсіпорын, шағын 1 291 кәсіпорын, ал жеке меншік үлгісіндегі 23 ірі кәсіпорын, 53 орта кәсіпорын, 9 231 шағын кәсіпорын қамтылды», – деді кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары.

Өткен жылы өңірде жаңа 56 бастауыш кәсіподақ ұйымы ашылып, облыстағы кәсіподақ мүшелерінің саны 2 499 адамға толықты.

«Бүгінгі таңда облыста барлығы 1 398 бастауыш кәсіподақ ұйымдарында 123 606 мүше бар. Бұл көрсеткіш жергілікті атқарушы органдармен және салалық кәсіподақ ұйымдарымен бірлесе атқарған жұмыстардың нәтижесі, бұл жұмыстар жалғасады», – деді Бақтияр Қарауылов.

Өңірдегі ірі кәсіпорындарындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарында облыс әкімі Б.Сапарбаевтың қатысуымен 14 кездесу өткізіліп, 836 адам қамтылған. Бұдан бөлек аудандарда кәсіподақ өкілдерінің және кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары өкілдерімен 28 кездесу өткізіп, барлығы 1 010 адам қамтылған. Аталған кездесулерде кәсіподақ өкілдері жалақы қарызына жол бермеу, жұмыс орындарын қысқартпау, жалақыны көтеру, кәсіподақ ұйымдарын ашу сияқты бүгінгі таңдағы өзекті мәселелерді көтерді.

«Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе атқарған жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы барлығы облыста 195 кәсіпорын 25 мыңға жуық қызметкерлердің жалақысын шамамен 24% көтерді», – деді Бақтияр Қарауылов.

Оның айтуынша, «Нөлдік жарақат» концепциясы мен «Халықтық бақылау» жобаларына да облыстағы ірі өндірістік кәсіпорындар қатысып отыр. Бүгінде осы жобаларды «Казфосфат» ЖШС, «Қазақстан темір жолы компаниясының Жамбыл облыстық филиалы, «Жамбыл электрмен жабдықтау дистанциясы» филиалы сияқты 7 кәсіпорын енгізген.

Сондай-ақ, өңірде кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындар мен мекемелерде еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі бойынша 1 004 өндірістік кеңес құрылған. Аталмыш кеңестерде 1 330 еңбекті қорғау бойынша техникалық инспектор жұмыс істейді.

Бақтияр Қарауылов жазатайым оқиғаларға себеп болған жол апаттарының саны артқанын айта кетті.  Былтыр өңірде 42 жазатайым оқиға тіркелген, 64 адам зардап шеккен.  Мұнда 35 адам ауыр, 12 адам жеңіл жарақат алған.

«Бірақ, 17 адам көз жұмды, бұл көрсеткіш артты. Оның бірден-бір себебі, жол-көлік оқиғаларының артуы, яғни 42 жазатайым оқиғаның 19-ы жол-көлік оқиғасы, онда 10 адам қаза болды. Қалған 23 жазатайым оқиғаның барлығында әртүрлі дәрежеде жұмыс беруші мен жұмыскердің кінәсі бар, олардың негізгісі «жұмыс өндірісін қанағаттанарлық деңгейде ұйымдастырмау» және «жұмыскердің өрескел абайсыздығы»,  – кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары.

Аталған жазатайым оқиғалар орын алған 35 кәсіпорынның 19 кәсіпорнында кәсіподақ ұйымы бар.  Бақтияр Қарауылов кәсіподақ өкілдерінің еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына қоғамдық бақылау жүргізу жұмыстарын жандандырып, қатаң бақылауда ұстау қажеттілігі туындап отырғаннын жеткізді.

Айта кетерлігі, өңірдегі кәсіподақ ұйымдары атқарылған жұмыстарды БАҚ-та және әлеуметтік желіде ұдайы жариялайды. Сонымен қатар, «30 Еңбек елшісі», «Еңбеккер бейнесі», «Тәуелсіздік құрдастары» сияқты және тағы басқа 24 ақпараттық акция қолға алынған. Сондай-ақ, облыс әкімдігінің сайтында «Әлеуметтік әріптестік» айдары ашылып, мұнда облыстық үшжақты келісім мен үшжақты комиссия отырысының құжаттары жарияланады.

Жиында сөз алған YNTYMAQ орта және кіші бизнес жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Асанбек Наурызбаев әлеуметтік әріптестік әлеуметтік ғана емес экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін тетіктің бірі деп мәлімдеді. Ол ұжымдық шарттарды қабылдау механизмін жетілдіруді,  декларативті сипаттағы келісімдерден арылуды, осы бағытта жаңашылдық танытуды ұсынды.

Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Базантай Данияровтың мәлімдеуінше, екі жыл ішінде өңірдегі филиалға қарасты бастауыш ұйымдар саны екі есеге артқан.

«2020 жылы филиал 2 861 мүшесі бар 51 бастауыш кәсіподақ ұйымның басын қосса, 2022 жылы қаңтар айында бастайыш ұйымдардың саны екі есеге артып 104-ке жетті, кәсіподақ мүшелерінің саны 3 663-ке жетті», – деді Базантай Данияров.

Жиында баяндама жасаған «Қазфосфат минералды тыңайтқыштар зауыты» ЖШС Тараз филиалы кәсіподақ ұйымының төрағасы Юлия Фролованың айтуынша, ұжымдық шарт компаниядағы өзгерістерге байланысты тағы 3 жылға ұзартылып, қосымша келісім жасалған.

«Қазіргі уақытта басшылыққа жаңа ұжымдық шарт жөніндегі ұсыныстарды әзірлеуіміз керек. Онда жалақыны өсіру басты мәселе болып қалады. Себебі тұтыну тауарлары мен қызметтер бағасы өсіп жатыр, ал жалақы оның соңынан ілесе алмай келеді. Жыл басындағы жалақыны 10 пайызға арттырудың әсері сезіле қоймады. Өйткені оны инфляция жұтып қояды»,  – деді Юлия Фролова.

Жиын соңында сөз алған ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев Жамбыл облысы Кәсіподақ орталығының атқарған жұмысына алғыс білдірді. Сонымен қатар кәсіподақ ұйымдарының жетекшілерін белсенділік танытуға шақырды.

«Әлеуметтік әріптестік аясында салалық кәсіподақ ұйымдарына, бастауыш кәсіподақ ұйымдарға жергілікті органдар тарапынан қолдау күшейді. Айта кетерлігі, кәсіподақ күрделі, өзінің ұзақ тарихы бар институт. Біз осы ауқымды ұйымның мүшесіміз. Қолдаудың арқасында салалық кәсіподақ филиалдарын, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының өңірдегі кәсіпорындарды қамту деңгейін, мүшелер санын арттыруымыз керек», – деді Нұрлан Өтешев.

Оның айтуынша, биылғы жылды Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әріптестік жылы деп жариялаған. Осы бағытта федерация бірқатар іс-қимыл шараларын қолға алды. Оның ішінде республикалық үшжақты комиссияға қатысты, салалық аумақтық деңгейдегі кәсіподақ ұйымдары бойныша жаңа форматтар мен ұсыныстар топтамасы әзірленген.

«Соның ішінде ең бастысы еңбек консультациялары. Айталық біз еңбек ұжымдарының қоятын талаптарынан бастап, еңбек шиеленістеріне шейінгі жағдайды реттеуді жақсы білеміз. Ол еңбек заңнамасында да көрсетілген. Алайда осы еңбек дауларын болдырмау және оның алдын алу үшін еңбек консультациясы қолға алынып отыр. Ол – жұмысберуші, жұмыскер және кәсіподақ ұйымының өзара сенімінен басталады. Яғни кәсіподақ пен  жұмысберуші ашық түрде, сенімге негізделген диалог құруы қажет. Сонда әлецметтік-еңбек қатынасы дұрыс жолға қойылады», – деді Нұрлан Өтешев.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы