Тұрақты комиссияда бірқатар өзекті мәселелер қаралды

“Amanat” партиясының Павлодар облыстық филиалы депутаттық фракциясының мүшесі, “Павлодар облысының Кәсіподақ орталығы” АКБ төрайымы Д.Айтжанованың төрағалығымен облыстық мәслихаттың Әлеуметтік және мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті.

Күн тәртібіне балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерді жан басына нормативтік қаржыландырудың жай-күйі, Павлодар облысында 2021 жылға арналған мемлекеттік жастар саясатын іске асыру және 2022 жылға арналған жоспарлар, мемлекеттік органдардың өмірлік қиын жағдайда жүрген отбасылармен жұмысы туралы мәселелер шығарылды.

Отырыс барысында білім беру басқармасының, денсаулық сақтау басқармасының, ақпарат және қоғамдық даму басқармасының, полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, жастар бастамаларын дамыту орталығының өкілдері тыңдалды.

Облыстағы мемлекеттік жастар саясатына қатысты Ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Б.Қаппасов жастар жұмыспен қамтудың барлық шараларымен барынша қамтылғанын атап өтті.

NEET санатындағы жастармен (білімсіз, жұмыссыз және біліктілігін арттырмайтын) жұмыс күшейтілді. Өткен жылы олардың үлесі шамамен 5% құрады. Жастарды әлеуметтік бағдарлау үшін Жастар бастамаларын дамыту орталықтарының жұмысын трансформациялау бойынша жұмыс жүргізілуде, осы санаттағы жастармен жұмыс жөніндегі 17 үйлестіруші айқындалды (барлығы 17 үйлестіруші, Павлодар қ. – 3, Ақсу қ. және Екібастұз қ. – 2, аудандарда-1).

Сонымен қатар, алдағы жылға арналған жоспарлар айтылды. “Бір терезе” қағидаты бойынша жастарды қолдау орталықтарын ашу, 8 ауылдық колледжді жаңғырту, жастар саясаты саласындағы реформалар бойынша Үйлестіру кеңесін құру, “Өзіңді тап” жобасын әзірлеу және енгізу жоспарланған. Сондай-ақ, Павлодар қаласында “Жастар” шағын ауданын орналастыру бойынша тұжырымдама пысықталуда. Жұмыспен қамтуды мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына қаржыландыру бағдарламалары және 50 жұмыс орнын құра отырып, “Креативті шығармашылық орталықтарын” құру есебінен кеңейту жоспарлануда. Облыстың спорт және туризмді дамыту басқармасы спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу бойынша Павлодар облыстық орталығын ашу мәселесін қарастыруда. Мәдениет саласындағы инфрақұрылымды дамыту үшін 2 нысан салу және 14 нысанды жөндеу жоспарланған.