БҚО-да мектепалды даярлық сыныбы тәрбиешісінің еңбекақысы заңға сай төленетін болды

Ақсай қаласы №3 орта мектебінің мектепалды даярлық сыныбының тәрбиешісі  Л.Титаренко Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым саласы кәсіподағына өз өтінішімен қабылдауға келген болатын. Аталған қызметкер 29 жыл еңбек өтілінің соңғы 17 жылында жоғары дәрежелі педагог, ал 2020 жылдан бері “педагог-шебер” біліктілік санатында білімін жетілдірген.

2020-2021, 2021-2022 оқу жылдарында мұғалім мектепалды даярлық тобында екі мөлшерлемеде жұмыс жасап келген, алайда мектеп әкімшілігі бұл жағдайда қызметкермен қосымша келісімшарт жасамаған. Бұл мәселенің анық-қанығына жету үшін әрі заңды түрде кеңес алу үшін Л.Титаренко облыстық салалық кәсіподақ ұйымына жолығып, өз өтінішін қалдырды.

Ақпан айында кәсіподақ ұйымының бас маманы М.Темірғалиева, заңгер-маман, сонымен қатар Заң клиникасы БҚО филиалының заңгері Г. Кұрманғазиева Ақсай қаласына іс-сапармен барып, аталған мектеп әкімшілігімен түсіндірме жұмыстарын жүргізу арқылы қызметкердің өтініші толық қаралып, барлық заңға сәйкес төлемдер жүргізілетін болды.

Бүгінгі таңда ұстаздар арасында біліктілік санаттары, оқу мөлшерлемелеріне қатысты сұрақтар жиі туындап отыр. Бұл сұрақтарда заңды түрде көмек көрсету үшін облыстық білім және ғылым саласы кәсіподақ ұйымында консультациялар алуға болады.