Павлодарда оқыту семинары өткізілді

«Білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының Павлодар облыстық ұйымы» ҚБ Павлодар қалалық білім беру қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы филиалының бастамасы бойынша Павлодар облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігі 2022 жылғы 9, 10, 11 наурызда мектеп, мектепке дейінгі, арнайы білім беру ұйымдарының келісі комиссияларының мүшелерін оқыту семинарын өткізді.

Дәріс материалдары мен кейстік тапсырмаларды оқу үдерісінде келісім комиссияларының 400-ден астам қатысушысы мен білім беру ұйымдарының бірінші басшылары тыңдады.

Семинар бағдарламасына сүйене отырып, қатысушылар келісім комиссиясының жұмысын құқықтық реттеу мәселелерін, еңбек дауларының пайда болу себептері мен оларды сотқа дейін шешу жолдарын қарастырды, Павлодар облысы соттарының еңбек даулары бойынша шешімдерімен танысты, еңбек шартын тоқтату, тәртіптік жаза қолдану мәселелерін зерттеді, еңбек дауларын шешу кезіндегі медиация рәсімімен, соттан тыс келіссөздер арқылы даулы жағдайларды кезең-кезеңімен шешумен танысты.

Спикер ретінде Павлодар қалалық сотының судьялары В.Шевченко және Д.Әбукенова, ҚРКФ Заң клиникасы филиалының басшысы М.Иванова, «Павлодар облысы бойынша еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті» ПМУ басшысының орынбасары А.Мұхамедова, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Павлодар филиалы басшысының орынбасары Н.Дүйсембаева сөз сөйледі.

Оқыту нәтижелері бойынша барлық қатысушыларға оқудан өткені туралы сертификаттар және практикалық жұмыста қолдану үшін үлестірме материалдар берілді.

«Білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының Павлодар облыстық ұйымы» ҚБ Павлодар қалалық білім беру қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы филиалының төрайымы С.Сейітова үш күндік білім беру семинарларын қорытындылай келе: «Оқыту семинарлары арқылы құқықтық білім деңгейін тұрақты арттыру қажетті мақсатқа – еңбек дауларының алдын алуға қол жеткізеді», – деп атап өтті.