Эссе жазудың дағдыларын меңгеруді оқыту курсы өтті

Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының бастамасымен қолға алынған “Modern teacher-2022” жобасының алғашқы экспресс курсы мәресіне жетті.

Бір айдан астам уақыттың ішінде облыстағы 12 аудан ұстаздары вебинарға қатысып, педагогикалық эссе жазудың дағдыларын меңгерді. Осы аптада өткен онлайн шараға Хромтау, Шалқар және Ырғыз аудандарының педагогтері қатысты.


Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің педагогика, психология, бастауыш оқыту кафедрасының оқытушысы Райбек Сағадат жүргізген экспресс оқыту курсы көпшіліктің ықыласына ие болды.

Мұғалімдер аттестаттаудың жаңа ережесіне сәйкес енгізілген эссе жазудың негізгі талаптарымен танысты. Эссенің ерекшеліктері, оның құрылымы, жазба жұмысын орындау кезінде ескерілетін тың ақпараттарға қанықты.