Түркістан кәсіподақтарының Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті

«Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлінің төрағалығымен Үйлестіру кеңесі өтті. Күн тәртібінде үшжақты комиссия отырысында қарауға ұсыныстар беру, жаңадан бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру, кәсiподаққа мүшелікке тартуда өндiрiстiк-салалық қағидаты мәселесі қаралды.

Көрсетілген мәселелер бойынша «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі сөз алып, 2021 жылы өңірлік үшжақты комиссияның отырысында қаралып, қазіргі таңда осы уақытқа дейін шешімін таппаған өзекті мәселелердің шешу жолын қарастыруға және 2022 жыл аралығында еңбек ұжымдары мен еңбек саласындағы қордаланған мәселелер бойынша алдағы уақытта жоспарланған Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Түркістан облысының үшжақты комиссия отырысында қарауға ұсыныстар беруді тапсырды.

Жаңадан бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру бойынша мекемелердегі еңбек ұжымдарын кәсіподақ мүшелігіне тарту, кәсіподақтарға сенімділікті арттыру, жұмыскерлер мен жұмыс берушілер үшін еңбек заңнамасының негіздерін түсіндіру, бірлескен семинарлар мен тренингтер өткізу, баспасөз ақпарат құралдары және әлеуметтік желілер арқылы жұмысты таныту туралы айтып өтті.


Сонымен қатар, кезекті мәселе бойынша кәсіподаққа мүшелікке тартуда өндірістік-салалық қағидатын сақтау, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мүшелік ұйымының бірінен басқасына өтіп кету мәселесі қаралды. Осы орайда Бердіғали Өмірәлі алдағы уақытта жұмыс барысында салалық кәсіподақтың аумақтық құрылымдары кәсіподаққа мүшеліке тартуда өндірістік-салалық қағидатқа сүйенуге шақырды. Осы көтерілген мәселе бойынша кеңес мүшелері өз ойларын ортаға салып, аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының сөзіне қолдау білдірді. Үйлестіру кеңесінің қорытындысы бойынша көтерілген мәселелерді шешу жолдары жөніндегі шешімдер Кеңестің хаттамасына енгізілді.

Жиын соңында Түркістан облысы бойынша ауыл, орман шаруашылығы табиғат және жануарлар әлемін қорғау қызметкерлерінің кәсіподағының жергілікті қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сапарғали Шолданбаевты 63 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, құрмет көрсетті.