Үйлестіру кеңесінде алдағы жұмыстардың басым бағыттары анықталды

«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеевтің төрағалығымен Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Кеңес отырысына салалық кәсіподақтар аумақтық құрылымдарының басшылары, Татуластыру орталығының қызметкерлері және кәсіподақ активі қатысты.


Отырыстың күн тәртібінде үш мәселе талқыланды. Жиын басында 2021 жылы Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша (үшжақты) комиссияға шығарылған мәселелердің шешілу жағдайы туралы қатысушылардың баяндамалары тыңдалды. Сонымен қатар, «Заң клиникасының» жұмысын жолға қою туралы нақты шешімдер қабылданып, кәсіби медиаторларды дайындау курсын ұйымдастыру туралы ұсыныс-пікірлер кеңестің хаттамалық шешіміне енгізілді.

Басқосуда қаралған келесі мәселе – кәсiподаққа мүшелікке тартуда өндiрiстiк-салалық қағидатын сақтау, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының Кәсіподақтар федерациясының мүшелік ұйымының бірінен басқасына өтуі бойынша Бауыржан Әлтеев баяндама жасады. Ол өз сөзінде, «Кәсіподақтың ең негізгі жұмысы – бастауыш кәсіподақ ұйымдарын ашу және оған мүшелікке тарту болып табылады. Федерацияның мүшелік ұйымдары оның жарғылық талаптарын сақтауға міндетті. Осы орайда, салалық кәсіподақтың аумақтық құрылымдары кәсiподаққа мүшелікке тартуда өндiрiстiк-салалық қағидатын сақтағаны жөн», – деп атап өтті.

Осыдан кейін Үйлестіру кеңесінің мүшелері өз ойларын ортаға салып, кәсіподақтар бірлестігі төрағасының сөзіне қолдау білдіріп, Федерацияның жарғылық талаптарын қатаң ұстану туралы бірауыздан шешім қабылдады. Кеңес отырысының қорытындысы бойынша көтерілген мәселелердің шешу жолдары жөнінде шешімдер Кеңестің хаттамасына енгізілді.