Әуелгі міндет – әлеуметтік жауапкершілік

Жуырда ғана «Қазпошта» АҚ өндірістік филиалдары қызметкерлерін ынталандыру мақсатында өндіріске тартылған компания персоналдарының еңбекақыларына индекстеу жүргізілді.

Пошта байланысы қызметкерлері салалық кәсіподағының Нұр-Сұлтан қаласы филиалының төрайымы Алма Мусинаның айтуынша, 2022 жылдың 1 ақпанынан бастап жалғыз акционер болып табылатын «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қолдауымен компанияның өндірістік персоналдарының жалақыларын өсіру туралы шешім қабылданды. Қазірде Астаналық почтамтта еңбекпен қамтылған 596 адам бар.

Пошта қызметкерлерінің лауазымдық жалақы деңгейіне байланысты 60-90 мың теңгеге – 25%, 91-120 мың теңгеге – 20%, 121-180 мың теңгеге – 15%, 181-220 мың теңгеге – 10%, 221-250 мың теңгеге – 7% индексация жүргізілді.

Осы уақытқа дейін «Қазпошта» АҚ-да еңбекақыны индекстеу мәселесі өзекті болып келген еді. Соңғы рет еңбекақыны 10 пайызға өсіру 2020 жылдың мамырында жүргізілді, содан бері ол еш өзгеріссіз қалып келді. Қоғамдастықта жалақыны өсірумен қатар жалпы әкімшілік шығындар оңтайландырылып, қаржылық және басқа да қызметтерді жетілдірудің менеджменттік салалары қайта қаралатын болады.