Комиссия отырысында жалақы мәселесі талқыланды

Атырау облыстық әкімдігінің мәжіліс залында Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті. Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ізтұрған Баймұхановтың төрағалығымен өткен басқосуда алдымен аймақтағы еңбек қатынастарының жағдайы туралы мәселеге орай өндірістік компаниялар мен кәсіпорындардың басшылары мен жауапты лауазым иелерінің әлеуметтік шиеленіс картасы, жалақыдан берешектері жөнінде хабараламалары тыңдалды.


​Отырыста «РЦКУ-Атырау» ЖШС, «КазТрансГазАймақ» Атырау филиалы, «Атырау жылу жүйелері», «Нефтестройсервис ЛТД», «КазТехМунайСеврис», «Семсер-Өрт сөндіруші», «Атырау Қорғау» ЖШС басшылары қызметкерлердің еңбекақысын көтеру, әлеуметтік шиеленістер мен дау-дамайлардың алдын алу мәселелерін шешу, арнаулы киім-кешекпен қамту, еңбек қауіпсіздігін сақтау жөнінде атқарылған шараларды баяндады. Осында белгілі болғанындай, бірқатарында былтырғы жылдан бері еңбекақы бойынша берешек толығымен өтелмеген. Бірнеше рет тапсырма берілгенімен нақты нәтижеге әлі қол жетілмеген. Ізтұрған Баймұханов ендігі жерде жұмысшылардың еңбекақсын өсіру, жалақыға берешекті өтеу бойынша әлеуметтік шиеленіс тудыру қаупі жоғары компаниялардың басшыларын тек қатаң жауапкершілікке тарту жолымен мәселені шешу қалып тұрғандығын ескертті.

​«Сондықтан жұмыс берушілер бұған немқұрайлы қарамай, ойлануы керек. Егер мұндай жағдайды болашақта түзетпейтін және, жұмысшылардың талап-тілектері орындамайтын болса, онда олардан қатаң жауапкершілік талап етіледі. Яғни, заңды тәсілді қолдануға мәжбүр боламыз. Тағы бір маңызды мәселе – әр еңбек ұжымында кәсіподақ ұйымының қатысымен Ұжымдық шарт жасақталуы тиіс. Кәсіпорынның бүкіл еңбек қатынастары Ұжымдық шарт арқылы реттелуі қажет. Болашақта Ұжымдық шарттардың жасақталуы, қабылдануы мен талаптарының орындалуы туралы облыстық үшжақты комиссия отырыстарында егжей-тегжейлі талқылануы керек деп ойлаймын» деді комиссия отырысына төрағалық етуші Ізтұрған Баймұханов.

Комиссия өңірдің білім беру саласындағы еңбек заңнамасында, келісімдер мен ұжымдық шарттарда белгілерген талаптардың сақталуы туралы облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Дүйсекенова баяндады. Өткен жылдың мамыр айында үшжақты комиссия мәжілісінде білім саласында туындайтын еңбек мәселелерін уақтылы қарау, нақты шешімдерді қабылдау үшін облыстық салалық комиссияны құруға ұсыныс берілген-ді. Желтоқсан айында осы мәселе бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбеков хаттамалық тапсырма да берді. Кәсіподақпен салалық комиссияның ережесін де дайындады. Алайда, өткен 10 айдан бері басқармаға кәсіподақ тарапынан бірнеше хат жолдана тұрса да комиссия әлі құрылған жоқ.

Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағының Атырау облыстық ұйымының төрағасы Қылышбай Сүндетұлы биылғы екі айда кәсіподақ бірлестігіне шағымданған 189 ұстаздың жанайқайын жеткізді. Оның айтуынша, сала қызметкерлері үшін еңбек жағдайын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы келісімнің бірқатар баптары бойынша талаптар әлі күнге орындалмай келеді. Мәселен, педагогтердің жүктемесі, сауықтыруға қатысты жәрдемақы, каникул кезінде еңбекақы төлеу жөніндегі мәселелер шешімін таппаған. Басқарма жанындағы аттестациялық комиссиясы құрамына облыстық салалық кәсіподақтың өкілдері енгізілмеген.

​Кәсіподақ жетекшісі біліктілігі жоқ техникалық қызметкерлерді ынталандыру мақсатында демалысқа шыққанда бір айлық жалақы көлемінде сауықтыру қаражатын төлеуді қарастырып, ұжымдық шартқа енгізуді, Еңбек Кодексіне сәйкес, білім беру саласындағы есепшілер, зертханашылар, медбикелер, кітапханашылардың лауазымдық айлық ақыларын 25 пайызға көтеру үшін жергілікті өкілді органның шешімін шығаруды ұсынды.

Үшжақты комиссияда банкрот болған кәсіпорындарда еңбекақы бойынша берешектің өтелуі туралы мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары міндетін атқарушы Нұрпейіс Ақпаев хабарлама жасады. Банкрот мекемелердегі еңбекақы берешегін қадағалау облыстық еңбек инспекциясына тапсырылды.

«Экономикалық дағдарыс кезінде еңбек дауларының көбеюі де ықтимал. Сондықтан іс-қимыл мәдениетін жүйелендіріп қалыптастыруымыз қажет. Кәсіподақтарды жау ретіде емес, қайта әріптес ретінде қабылдау керек. Әрбір туындайтын мәселені шешуді осы комиссияға дейін жеткізіп, облыс әкімдігінің қарауына қалдырмай кәсіподақтармен бірлесіп екі жақты диалог арқылы келіссөздер жүргізіп, күрделі даулы мәселелерді өзара тиімді шешімге келуді қамтамасыз ету қажет» деді комиссия отырысын қорытқан І.Баймұханов.