Ұстаз – ұлы есім

Кез келген қоғамдағы, барлық кезеңдегі ұстаздың ұлы міндетіне баға жетпейді. Ұстаздар жайлы ұлы Абай «Адам бойындағы барлық жақсылық мұғалімнен дариды», – деп баға берсе, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мағжан Жұмабаев «Алты алаштың баласы бас қосқанда, қадірлі орын – мұғалімдікі», – деген болатын.

Бүгінде жас ұрпақтың бойына білім нәрін егіп, жақсы қасиеттерге баулитын, нәтижелі жұмыс істеуге, жауапкершілікті терең сезінуге және шығармашыл тұлға болып қалыптасуға жол ашатын мұғалімдер қауымына артылар жауапкершілік жүгі ауыр.

Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз қазіргі заманның жаңаша талаптары мен үрдістеріне әрқашан сай болуымыз керек. Бұл үшін бір орында тұрып қалмай, ілгері жылжу басты мақсат болуы тиіс. Сондықтан, білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеледі. Сіздердің бүгінгі шәкірттеріңіз – Қазақстанның жарқын болашағы. Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы, әрі экономиканы дамытудың басты құралы», – деп, ұстаздарға үлкен жауапкершілік жүктеген болатын.

Осыған орай шұғылалы көктем мерекесі қарсаңында Сайрам ауданында “Шапағат-педагог” кәсіподағы төрайымы Гүлнара Тлеубердиева және Сайрам ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі, “AMANAT” партиясы Сайрам ауданының мәслихат депутаты Гүлнар Нуртанова ауданның құрметті ұстаздарын, облыстың білім беру саласының дамуына қосқан үлесі үшін және еңбек жолындағы жетістіктері үшін Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысының міндетін атқарушы А.Өсербаевтің және «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ж.Шайдулланың Алғыс хатымен марапаттады.