Атыраудағы Наурыз нақыштары

​ Атырау облыстық білім беру басқармасының Исатай ауданы білім беру бөлімінде «Атырау облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Исатай ауданы комитеті» филиалының ұйымдастыруымен «Қош келдің, әз Наурыз!» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Аққыстау ауылының теміржол вокзалы маңында «Ұстаздар ауылы» киіз үйі тігілді. Шараға ардагер ұстаздар, білім беру саласының басшылары, ұстаздар қатысты.


Осынау шараның мақсаты – Наурыз мерекесі арқылы бүкіл тіршілік атаулының түрленіп, жаңаруын паш ету, халқымыздың ұлы дәстүрлерін жаңарту, келешек ұрпақ бойында насихаттау, Ұлық күннің ең дәмді тағамы – Наурыз көжені көпшілікке ұсыну және ауданның білім саласында басшылық қызметте болған ардагер ұстаздарға мерекелік көңіл-күй сыйлау.

​​Ауыл маңында Ш.Шәріпов атандағы саз мектебінің ұлттық ансамблінің сүйемелдеуімен күмбірлеген күй шарықтап ойнатылды. Кілемшеде «Барыс» жасөспірімдердің спорттық даярлық клубының директоры А.Жұмабековтың ұйымдастыруымен спорттық шаралар ұйымдастырылды. Киіз үйдің жанында білім беру мекемелері қызметкерлерінің дайындаған Наурыз көжесі, бауырсағы жиылған көпшілікке ұсынылды.
​​Мерекелік шара ел ағалары мен ардагер ұстаздарды аудандық білім бөлімінің басшысы Г. Құрманғалиева бастаған кимешек киген әжелер мен ұлттық нақышта киінген кәсіподақ мүшелерінің «Көрісу» көрінісімен басталды. Бұдан соң «Бәйтерек» балабақшасы әзірлеген «Тұсау кесу» шарасында кішкентай Асылбекқызы Аяулымның тұсауын кесу ардагер ұстаз Мафтуха Кашапқызына, бата беру Қайрат Тынымжанұлына жолданды. Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты ұжымы ұсынған «Жарапазан» көріністері де сәтті шықты. Театрландырылған қойылым көріністерінде ұлттық жоралғылар көрсетілді. Киіз үйде Өркен орта мектебі ұжымы әзірлеген ұлттық тағамдарға толы дастарханынан дәм ұсынылды.

Аудан әкімі Полымбет Хасанов, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева көпшілікті Наурыз мерекесімен құттықтап, ақжарма тілектерін жолдады. Сондай-ақ, ардагер ұстаздар Е.Құлғалиев, А.Фазылова, М.Исағалиева, К.Сарбасева, Х.Қарабалин, Б.Қайрлиевалар өткен кезеңдерінен естеліктер айтып, алғыс сезімдерін білдірді.

​​«Атырау облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Исатай ауданы комитеті» филиалының төрайымы Қарлыға Дүзбаева сөйлеп, ардагер ұстаздарға Құттықтау хаттар мен ескерткіш сыйлықтар тапсырды. Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылған спорттық шара жеңімпаздары дипломдармен марапатталды.