Ауылдастарға – ерекше сый

Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы «Мақаш» өндірістік кооперативінің ұжымы Наурыз мейрамы қарсаңында ауылдастары үшін ерекше сый-тарту жасады. Олар ескі қойма ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізіп, үлкен спорттық кешенге айналдырып берді. Сөйтіп, жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалануға, денесін шынықтырып, салауатты өмір салтын ұстануына, спорт түрлерімен шұғылдануына қолайлы жағдай туғызды.


Осынау игі іске демеушілік көрсеткен кооператив басшысы Жеңіс Әбілхайыровке ауыл жастары шынайы ризашылықтарын білдірді.

Мейрам күні ауылдың орталық алаңында тігілген киіз үйде дастархан жайылып, қонақтарға Наурыз көже мен ұлттық тағамдар ұсынылды.