Ақ тілектер ақтарылған күн

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын көтеріңкі көңіл-күймен лайықты қарсы алғандардың қатарында Атырау облыстық аумақтық инспекциясы ұжымы да болды. Олар жыл басы – Наурызды қазақтың салт-дәрстүрлері мен қадір-қасиетін кейінгі жас буынға насихаттап дәріптеуге, ұжымның ынтымақ-бірлігі нығайтуға деген ниетпен мерекелік шара ұйымдастырды. Бұл игі бастамаға аталмыш инспекцияның бастауыш кәсіподақ ұйымы мұрындық болды.

Шараға қатысушыларға кәсіподақ белсенділері өз өнерлерін көрсетіп, ән шырқады, домбыра шанағынан күмбірлетіп күй төгілтті. «Интелект – 2022» атты тапқырлар мен білгірлердың қызықты сайысын ұйымдастырды. Ондағы мақсат ұжымдастардың күллі мұсылман қауымының Жаңа жылы – Наурыздың ежелгі тарихы, салт-дәстүрлері мен ырым-жоралғылары туралы сауалдар қою арқылы таным-түсініктерін тексеру, Ұлық мереке жөніндегі жастардың ой-өрістерін кеңейту еді.

Өнерлілер мен ұшқыр ойлы қыз-жігіттер кәсіподақтың Алғыс хаттарымен, ескерткіш сыйлықтарымен марапатталды.

Наурыз мейрамына орай «Теңізшевройл» ЖШС-нің мердігер «Сohsolited Contracting Endihering and Prourement s.a.L Offshore (ССЕР)» компаниясы үжымы бастауыш кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен жұмысшы-қызметкерлердің белсене қатысуымен спорттық шаралар өткізді.


Бұл күні өндірістік құрылымдарда жұмыс жасайтын жігіттер жасыл алаңға шығып, аяқдоптан мықтыларды анықтауды қаласа, білекті де жүректі жігіттердің бірқатары қол күресі мен кір тасын көтеруден бақ сынасты. Ал, ептілері мен шырақ та шапшаң қимылдайтындары арқан тартысып, үстел теннисінен өнер көрсетті.

Тартысты да қызыққа толы бәсекелерде футболдан «Карьертау» компаниясының «Сұңқар», үстел теннисінен «ССЕР» компаниясының Азгар, арқан тартысудан ССПИ компаниясы командаларының мерейі үстем болды. Ал, кір тасын көтеру мен қол күресуден Аслан Қанатов пен Сержан Төлегенге бәсекелес жігіттер табылмады.

​Компания бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшісі Жақсылық Мусеповтың айтуынша, мұндай шараларды ұйымдастыру ұжымда қызметкерлердің көңіл-күйін көтеруге, бірлік пен сыйластықты қалыптастыруға, спорттың бұқаралығын арттыруға көп көмегін тигізетін көрінеді. Наурыз күнгі мерекелік спорттық шаралардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне кәсіподақ ұйымы арқылы 10 000 – 100 000 теңге аралығында сыйлықақы берілді.

Наурыз мейрамы қарсаңындағы ауа райының салқындығы «ЮСС Супорт Сервисез» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Атырау қаласындағы бас кеңсесі ауласына Ұлыс күнін атап өтуге жиналған жұмысшы-қызметкерлерінің көңіл-күйіне кері әсерін тигізе қоймады. Серіктестік басшылығы осы Ұлық мерекенің жоғары дәрежеде өтуіне компаниядан арнайы қаражат бөлген болатын.

Осында он екі қанатты үлкен киіз үй тігіліп, іші-сырты бірдей әсем безендірілді. Дауыс күшейткіш арқылы Наурыз, көктем, Қазақстан, турған жер туралы шырқалған әндер, ұлттық нақышқа сай киім киініп, бір-бірімен қауышып, көрісіп, ақ тілектерін ақтарып, құттықтап жатқан адамдар пейілі төңірекке жылылық ұялатқандай.

Мерекелік шара шымылдығын компания ақсақалы, қазақшасымен талай қандасымызды тамсантқан, ұлты орыс болғанмен жаны қазақ Александр Иванович Дурманов ұжымдастарын Наурыз мейрамымен құттықтау батамен ашты. Компания бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Марал Көшенов те әріптестерін Жыл басы – Наурызбен құттықтап, игі тілегін жолдады. Жиналған көпшілікті концерттік бағдарлама ұсынған қыз-жігіттер өнері, ақ жаулықты аналардың бесікке салу, тұсау кесу рәсімдері де ерекше тәнті етті.

Аулада спорттық сайыстар бәсекесі қыза түсті. Арқан тартудан көлік бөлімінің қайратты жігіттерінің мерейі үстем болса, кір тасын көтеруден де мықтылар анықталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрінгендер кәсіподақ ұйымының ақшалай сыйлықтарына, дипломдарына ие болды. Мұнан соң ұжымдастар ақ дастархан басына жайғасып, Наурыз көжеден, ұлттық тағамдардан дәм татып, ақ тілектерін ақтарды.