Кәсіподақ төрағасы Қызылқоға аудандық аграрлы-техникалық колледжі ұжымымен кездесті

«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы Қызылқоға аудандық аграрлы-техникалық колледжі ұжымымен кездесті. 1959 жылы іргетасы қаланған білім ордасы аудандағы жастарға орта біліммен қатар бастауыш кәсіптік білім беретін бірден-бір оқу орны. Колледж облыс, аудан экономикасының қажеттілігіне қарай ауыл шаруашылығы, энергетика, қызмет көрсету салалары бойынша мамандар дайындаумен айналысады және ауылдық жердегі жастарды кәсіби даярлау мен жұмысшыларды қайта даярлаудың аудандық орталығы болып есептеледі.

​ Колледж студенттерінің білім сапасы мен тәрбиесін арттыруда әкімшілікпен бірлесе отырып, 68 инженер-педагогтер мен қызыметкерлердің басын біріктіретін бастауыш кәсіподақ ұйымы (төрайымы Оспанова Гүлбану Сабырқызы) бірқатар саяси-ұйымдастыру шараларын өткізіп келеді. Төрағамен болған кездесуде кәсіподақ ұйымының жұмысы жан-жақты талқыланды.

Өз кезегінде салалық облыстық ұйымының жетекшісі Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» деп аталатын Қазақстан халқына Жолдауы туралы әңгіме қозғап, еліміздің қоғамдық-саяси жүйесінде орнығатын жаңа реформалық өзгерістерге тоқтала кетті. Президенттің «Қоғамдық ұйымдардың қызметі елімізді орнықты және жан-жақты дамытудың тағы бір маңызды факторы саналады. Үкіметтік емес ұйымдар маңызды әлеуметтік мәселелерді ұдайы көтеріп, оларды кешенді түрде шешуге септігін тигізіп келеді» дегені, аталмыш өзгерістерді жүзеге асыру жолында қоғамдық ұйымдардың, оның ішінде кәсіподақ ұйымдарына да үлкен міндеттер жүктеліп отырғаны анық.

Жиналыста колледж директорының м.а Шалқар Қасымов, кәсіподақ мүшелері Алибек Ихсанов, Қайрат Сақтағанов, Нұржамал Түркістан, Гулфайруз Арқынбаева және т.б. сөз сөйлеп, кәсіподақ ұйымының жұмыстарын күшейту бағытында бірқатар ұсыныс, пікір-тілектерін жеткізді.

​Кездесу соңында «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы Наурыз мерекесіне орай бір топ кәсіподақ белсенділеріне облыстық ұйымның Алғыс хаттары мен грамоталарын тапсырып, гүл шоқтарын ұсынды.