Сатыбалды Дәулеталин: «Кәсіподақтардың міндеті – еңбек заңнамасын Еңбек адамына қарай бұру»

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің қатысуымен Батыс Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығы Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.


Отырыс барысында Батыс Қазақстан облысы кәсіподақ ұйымдарының 2021 жылғы қызметінің қорытындылары қаралды, тиісті баяндамамен БҚО кәсіподақтар орталығының төрайымы Айгүл Есекенова сөз сөйледі.

Кәсіподақтар орталығының мәліметінше, аймақта 10 салалық, 14 жергілікті және 1022 бастауыш кәсіподақ ұйымы, олардың құрамында 72 мыңнан астам кәсіподақ мүшелері бар.

Өткен жылы БҚО-да 40 жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, оған 810 жаңа кәсіподақ мүшесі тартылды.

Облыста әлеуметтік әріптестік 2021 жылғы 29 сәуірде қол қойылған 2021-2023 жылдарға арналған аймақтық келісім аясында жүзеге асырылуда.

Айгүл Есекенова атап өткендей, Кәсіподақтар орталығы ұжымдық шарттардың сапасын арттыруға, сондай-ақ олардың талаптарының орындалуын қадағалауға баса назар аударады.

Әлеуметтік әріптестік аясында өңірдегі әлеуметтік шиеленісті қадағалау жұмыстары жүргізілуде.

«Еңбек дауларының туындау тәуекелдері тұрақты негізде Дағдарысқа қарсы штаб отырыстарында, әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның отырыстарында облыстағы кәсіпорын басшыларының пікірін тыңдаумен қаралады», – деді Айгүл Есекенова.

Кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмекті Батыс Қазақстан облысы кәсіподақтар орталығы жанындағы Заң клиникасының филиалы мен Татуласу орталығы көрсетеді.

«Облыстың медиаторлары мен кәсіподақ заңгерлері 1700-ге жуық заңгерлік кеңес берді. Заң клиникасының филиалында кәсіподақ мүшелерінің еңбек заңнамасын сақтау, еңбекақы төлеу, келісім комиссияларының жұмысы және жұмыскерлерге материалдық өтемақы төлеу мәселелері бойынша 900-ге жуық өтініші қаралды», – деп атап өтті Кәсіподақтар орталығының төрағасы.

Сондай-ақ, Айгүл Есекенова ҚРКФ «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында өткен жылы облыстың еңбек ұжымдарымен 17 онлайн кездесу өткізіліп, оған 2000-нан астам кәсіподақ мүшелері қатысқанын мәлімдеді.

«Акция кәсіподақтың қатардағы мүшелеріне Кәсіподақтар федерациясының басшылығына, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарына, мемлекеттік қызметшілер мен жұмыс берушілермен өзекті мәселелерді тікелей талқылауға және сұрақтар қоюға мүмкіндік берді», – деді БҚО кәсіподақтар орталығының төрағасы.

Еңбекті қорғау шараларына тоқталған Кәсіподақтар орталығының төрағасы Батыс Қазақстан облысындағы кәсіпорындарда 428 өндірістік кеңес жұмыс істейтінін, оның құрамына 733 еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар кіретінін айтты.

«Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында облыстың 121 кәсіпорнында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың халықаралық және ұлттық стандарттары (OHSAS 18001, ХЕҰ-СУОТ) енгізілген. 31 кәсіпорында өндіріс орындарын еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау жүргізілді. Кәсіпорындардың 1 780 басшылары мен мамандары қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелері бойынша білімдерін тексеруден өтті», – деді Айгүл Есекенова.

Оның айтуынша, өткен жылы облыста өндірісте 55 жазатайым оқиға тіркелген, соның ішінде 7 жағдай адамның қазасына әкелген.

ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин еңбек қауіпсіздігі мәселесіне немқұрайлы қарауға жол бермеуге шақырды.

«Еңбеккерлердің қаза болуы, жазатайым оқиғалардың көбі кәсіподақтар жоқ кәсіпорындарда орын алады. Кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындардағы жазатайым оқиғалардың үлесі үштен бірін құрайды. Бұл кәсіподақ ұйымдарының қызметінің нәтижесі. Барлық жазатайым оқиғалардың 70 пайызы жұмыс берушінің кінәсінен. Кәсіпорында адам қайтыс болған жағдайда, апаттың барлық себептерін жою үшін Жол картасын жасау қажет. Бұл бағытта ерекше бақылау жүргізіп, аталған мәселелерді үшжақты комиссияның талқылауына шығару қажет», – деп тапсырды ҚРКФ басшысы.

Отырыс барысында «Батыс су арнасы» ЖШС жұмыскерлері жергілікті кәсіподақ ұйымының төрайымы Азиля Ілікпаева кәсіпорындағы ұжымдық шарттың орындалу барысына тоқталды.

Азиля Ілікпаеваның айтуынша, «Батыс су арнасы» ЖШС ұжымдық шарт 2019 жылдың 29 наурызында жасалған. Ұжымдық шартта Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында айқындалатын инфляцияны ескере отырып, белгіленген тарифтік мөлшерлемелер мен жалақыны жыл сайынғы түзету көзделеді.

Сондай-ақ, келісімшартта үстеме жұмыс, мереке күндері және түнгі уақыттағы жұмыстар үшін үстемеақылар мен қосымша төлемдер қарастырылған.

Әлеуметтік кепілдіктердің ішінде жұмыскерлерге некеге тұрған жағдайда біржолғы материалдық көмек тағайындау, жұмыскерді және оның жақын туыстарын жерлеуге, материалдық және қайырымдылық көмек көрсетуге, сауықтыру төлемдерін ұсынуға және т.б. қарастырылған.

Бұл ретте Азиля Ілікпаева ұжымдық шарттың мерзімі биылғы жылдың наурыз айында аяқталатынын баса айтты. Сонымен бірге ол кәсіпорындағы күрделі қаржылық жағдайға байланысты бірқатар әлеуметтік кепілдіктерді болашақ ұжымдық шарттан алып тастау мүмкіндігіне алаңдаушылық білдірді.

Сонымен қатар, 2021 жылы БҚО еңбек инспекциясы серіктестіктің ұжымдық шарты кәсіподақ мүшелігіне қарамастан барлық қызметкерлерге қатысты болуы керек деген ұйғарым шығарғанын айтты.

Бұл ретте кәсіподақ комитетінің төрағасы атап өткендей, құжаттың өзінде ұжымдық шартқа қосылу үшін кәсіподақ мүшелігінің болуы шарты көрсетілген.

Сұраққа жауап берген Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ұжымдық шарт тек кәсіподақ мүшелеріне ғана қатысты болуы керек деген Кәсіподақтар федерациясының нақты ұстанымын тағы да атап өтті.

«Ұжымдық шарт оны жасауға қатысқан қызметкерлерге ғана қатысты болуы керек. Сондықтан бұл жерде ҚРКФ ұстанымы анық, ұжымдық шарт тек кәсіподақ мүшелеріне ғана қатысты болуын талап етеміз. Бірқатар кәсіпорындардың ұжымдық шарттарын монетизациялау бекітілген әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктерден кәсіподақ мүшелері-жұмыскерлерге мол материалдық игіліктер әкелетінін айғақтайды», – деп атап өтті Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

«ҚПО б.в.» кәсіподақ ұйымының төрағасы Марс Хайруллин жергілікті кәсіподақ ұйымының жұмысы туралы баяндама жасады.

Ол 2022-2024 жылдарға арналған ұжымдық шарт жасасу алдындағы келіссөздер барысы туралы айтты.
Оның айтуынша, ұзаққа созылған күрделі келіссөздер нәтижесінде жұмыс беруші көптеген даулы мәселелер бойынша келісімге келген.

Осылайша, “ҚПО б.в.” жаңа ұжымдық шартында жалақыны инфляция деңгейінен төмен емес мөлшерге арттыру, жалақыны 5%-ға қосымша жалпы ұлғайту, Ұжымдық шартқа қол қоюға БЕА-ның 100%-ы мөлшерінде сыйлықақы, вакцинация нәтижесі бойынша сыйлықақы – 157 000 теңге, 2021 жылғы қорытындылар бойынша ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ салаларында сыйлықақы және басқа да кепілдіктер қарастырылған.

«ҚПО кәсіподақ комитетінің жұмысы, оның ішінде медициналық қамсыздандыру, міндетті кәсіптік зейнетақы төлемдері және компанияның басқа да маңызды бағдарламалары бойынша жұмысы жалғасады», – деп сендірді жергілікті кәсіподақ төрағасы.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин облыс кәсіподақ ұйымдарының алдына Еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша бірқатар маңызды міндеттер қойды.

Аймақтық келісімнің мазмұнына ерекше тоқталды. Сатыбалды Дәулеталин атап өткендей, одан бірқатар декларативті нормаларды алып тастап, аймақтық келісімді өзектендіру қажет.

Сондай-ақ, ұжымдық-шарттық реттеу сапасын арттыру қажеттігі туралы пікірін білдіріп, ұжымдық шарттардың мониторингі мен сараптамасы бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.

«Талдау көрсеткендей, ұжымдық шарттардың 10 пайызында ғана жалақыны индекстеу мәселесі көрсетілген. Ұжымдық шарттардың сапасы бойынша жұмыс істеуіміз керек. Бұл ретте еңбек заңнамасының нормалары еңбек қатынастары мәселелерімен айла-шарғы жасауға мүмкіндік береді. Еңбек кодексін қайта қарау және оны Еңбек адамына қарай бұру қажет», – деді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

ҚРКФ басшысы еңбеккерлердің әл-ауқатын арттыру мәселелерін заңнамалық реттеу бойынша Кәсіподақтар федерациясының бірқатар бастамаларын атап өтті және әріптестерін Қазақстанның жаңа әлеуметтік-экономикалық саясатын қалыптастыру бойынша жүйелі шараларды ілгерілетуде кәсіподақ бірлігін нығайтуға шақырды.

«Біз Үкіметке еңбекке ақыны төлеу жүйесін жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар енгіздік, соның ішінде жалақыны міндетті индексациялау, кәсіподақтардың өндірісті басқаруға қатысуын қамтамасыз ету, оның ішінде жалақы және жалпы еңбекақы жүйесі бойынша келіссөздер – міндетті түрде. Еңбекақыны төлеу жүйесін анықтау кезінде жұмыс беруші қабылдайтын шешімдерге жұмыскерлердің ықпал ету тетіктерін қалыптастыру мақсатында Федерация Еңбек кодексінің 107-бабын толықтыруды ұсынды. Еңбекақыны төлеу жүйелерін анықтайтын жұмыс берушінің актілері жұмыскерлер өкілдерінің пікірін ескере отырып шығарылуы керек деп санаймыз. Сондай-ақ, ұжымдық еңбек дауы туындаған жағдайда жұмысшылардың талаптарын қою тәртібін жеңілдету, еңбек қатынастарына мемлекеттік бақылау мен қадағалауды күшейту бойынша ұсыныстар енгізілді», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ басшысы сондай-ақ ең төменгі жалақыны көтеру, тұтыну себетін есептеу әдістемесін қайта қарау, еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақы тағайындау тәртібін қайта қарау, жалақыдағы алшақтықты жою және т.б. ұсыныстарға тоқталды.

ҚРКФ ұсыныстарының бірі жұмыс беруші мен жұмыскерлер өкілдері арасында міндетті еңбек консультацияларын өткізу нормасын заңнамалық реттеуге қатысты.

Сатыбалды Дәулеталин атап өткендей, еңбек консультациялары ұйымдардағы еңбек қатынастарының өзекті мәселелерін ашық әрі жедел шешуге мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы