Мұнайшылар талаптары бойынша келіссөздер жалғасуда

«Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы жұмыскерлерінің жалақыны өсіру туралы талаптары бойынша келіссөздер өтіп жатыр. 24 наурызда Алматы қаласында орналасқан компанияның бас кеңсесінде жұмыскерлердің белсенді тобы мүшелері мен жергілікті кәсіподақ төрағасы Б.Мұқашева,

ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының қоғамдық негізде орынбасары – Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіподағының төрағасы Сұлтан Қалиевтің қатысуымен тараптар келіссөздер жүргізді.

Келіссөздерге бейнебайланыс арқылы Қызылордададн аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы М.Нәлібаев, облыстық еңбек саласын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Т.Шалбаева қатысты.

Жұмыс беруші жалақыны 15 пайызға өсіру туралы шешімдерінен айнымай, орташа жалақы бойынша өз есептерін ұсынды. Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі тарапынан жұмыс беруші ұсынған есептеулерден орташа жалақыны есептеудің бірыңғай қағидалары бойынша ескерілмейтін төлемдерді алып тастап, ережеге сәйкес орташа жалақыны қайта дұрыс есептеу туралы түсіндірме жүргізілді.

Келіссөздер барысында ұжымдық еңбек дауы тараптары келісімге келмеді, келіссөздер компанияның президентімен сәуір айының бірінші онкүндігінде Қызылордада жалғасады.