Кітапхана қызметкерлеріне қатысты кәсіподақ көтерген әлеуметтік мәселелердің көбі оң шешім тапқан

29 наурыз ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев «Қалың қалай бастауыш ұйымы?» республикалық акция асында Алматы қаласындағы  «Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерімен онлайнда кездесті.

Басқосуға қаладағы салалық кәсіподақ филиалдарының жетекшілері, кітапхана басшылығы, мекемедегі бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері қатысты.

Жиынды Алматы қаласының кәсіподақ орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Зәуреш Өмірбаева ашты.

Оның айтуынша, Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Ұлттық кітапханада 2011 жылдан бастап Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалының бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Ұлттық кітапхананың 255 қызметкері кәсіподақ мүшесі, яғни бұл еңбек ұжымының 90 пайыздан астамы.

Басқосуда сөз алған Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша филиалының төрағасы Сәуле Нұрғалықова ұлттық кітапхананың ғасырлық тарихы бар еліміздің бас және көне кітапханасы екенін атап өтті.

«Бастауыш кәсіподақ ұйымы Ұлттық кітапхана ұжымында  Еңбек кодексіне, Кәсіподақтар туралы заңға, Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстандық салалық  мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің  арасындағы Салалық келісімге, заңнамалық-нормативтік актілерге сәйкес қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік кепілдіктерін сақтауға,  ұйымның тұрақты – тиімді жұмысын қамтамасыз етуге, қызметкерлердің өмір сүру деңгейін көтеріп, сондай-ақ, тараптардың өзара жауапкершілігін арттыруға, Еңбек кодексінің және осы шарттың талаптарын орындауға  бағытталған ұйымның  қызметіне оңтайлы жағдайлар жасау мақсатында Ұжымдық шарт жасалған», – деді Сәуле Нұрғалықова.

Оның айтуынша, ұжымда қызметкерлер мен жұмыс беруші өкілдерінен құралған Жеке еңбек даулары бойынша келіссөздер жүргізу, жеке еңбек дауын шешу үшін келісім комиссиясы құрылған.

Сондай-ақ, Ұлттық кітапхана былтыр Салалық кәсіподақтың «Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылына» орай ұйымдастырған «Күшті бастауыш – Күшті кәсіподақ» республикалық конкурсына қатысып «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» дипломының жүлдегері атанды.

Ұлттық кітапхананың директоры Бақытжамал Оспанова салалық кәсіподақпен арадағы қарым-қатынас жолға қойылғанын атап  өтті. Кәсіподақ кітапхана қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесіне қатысты өзекті мәселелерді жиі көтеріп келген, олардың дені қазір оң шешім тапқан.

«Кәсіподақтың іс-қимылының арқасында кітапханашылардың кәсіби мерекесі – Кітапханашы күнін құру бастамасы көтерілді, ол бекітілді, мерекені биыл 22 қазанда атап өтеміз», – деді  Бақытжамал Оспанова.

Оның айтуынша, елімізде кітапхана саласында білікті маман тапшылығы, жоғары білімді кітапханашы жетіспеушілігі бар.

Ауылдық жерлердегі кітапханалар оқырманға қызмет көрсету және қорды сақтаудың заманауи талаптарына сай емес.  Сондай-ақ кітапханалардың материалдық-техникалық базаның жағдайы көңіл көншітерлік емес.

«Мәдениет саласы қызметкерлерін әлеуметтік қолдау әрқашанда өзекті мәселе. Осыған байланысты Президент тапсырмасымен 2022 – 2025 жыл аралығында кітапхана, мұражай, театр қызметкерлерінің жалақысын 20 пайыздан ұлғайтуды, адамдарға қамқорлықтың шынайы көрініс деп санаймын», – деді  Бақытжамал Оспанова.

Мекемедегі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Айтолқын Шүленбаеваның айтуынша, мекемеде өтетін шаралардың дені кәсіподақ комитетінің қатысуымен жүзеге асады.

«Ұжымның ынтымағы мен ауызбіршілігі арқасында кәсіподақ комитеті, ұжым мен жұмыс беруші арасында еш уақытта мәселе туындаған емес. Ұлттық кітапханада өткізілетін ауқымды іс-шараларда салалық кәсіподақ өкілдері келіп, демеу көрсетіп отыратыны бізді қуантады. Қажеттілік туындаған жағдайда оларға алаңсыз жүгініп, мәселелеріміздің оң шешімін тауып жатамыз», – деді Айтолқын Шүленбаева.

Бастауыш кәсіподақ комитеті мерекелер кезінде қызметкерлерге концерт ұйымдастырып, бөлімдерге сыйлықтар үлестіруді дәстүрге айналдырған. Сондай-ақ осы мекемеде қызмет етіп зейнеткерлікке шыққан қызметкерлер де назардан тыс қалмайтыны айтылып өтілді.

Жеңіс күні қарсаңында Кәсіподақ  комитеті соғыс кезінде тылда еңбек еткен кітапхананың құрметті ардагерлері Е.Любенко мен Р.Меңдиярованы құттықтап, сыйлықтар табыс еткен. Кітапхана мамандары «Ардагерлерге құрмет және қолдау көрсету» акциясы аясында кітапхана зейнеткері Сандуғаш Дүрмағамбетованың үйіне барып, ауласын тазартып, сыйлық табыстап қайтты.

Сондай-ақ, бастауыш кәсіподақ ұйымының бастамасымен қызметкерлер қаладағы балалар үйі мен балалар ауруханаларына барып ондағыларды кітап, тәтті тартумен қуантуды дәстүрге айналдырған.

«Ұлттық кітапхананың кәсіподақ комитеті пандемия кезінде жарияланған карантинде қаражатты үнемдей отырып, өзге қажеттіліктен бас тартып, ұжымды сол кезеңде өзекті болған қажетті қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етті. Пандемия кезінде әріптестеріміз әке-шеше, туған бауырларынан айрылды. Сол уақытта оларға да қаржылай көмек көрсетіліп, аз да болса көңілдеріне демеу бола білдік», – деді Айтолқын Шүленбаева.

Жиынды қорытындылаған ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев биылғы Әлеуметтік әріптестік жылы аясында өткізілетін іс-шаралардың маңызды екенін атап өтті.

«Әлеуметтік әріптестік жылында түрлі деңгейдегі кәсіподақ ұйымдары бір-бірімізді өзекті ортақ мәселелер бойынша қолдап, күш қосатын болсақ жақсы нәтижеге қол жеткізе аламыз. Оның бір мысалы ретінде бүгінгі кездесуімізді айтқым келеді. Салалық кәсіподақ, аумақтық кәсіподақ бірлесіп жұмыс істеп жатқанын көрдік. Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша филиалының төрайымы, Ұлттық кітапхана басшысы, ал осы мекемедегі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы да ортақ мүддеге, іске жұмылған», деген Нұрлан Өтешев кәсіподақ ұйымдарының қызметінде үйлестіру мен бірліктің маңызды екеніне тоқталды.

Оның айтуынша, Жаңа Қазақстанда әлеуметтік әріптестікке мемлекет баса назар аударған тұста, кәсіподақ қозғалысы өзекті мәселелерді бірлесіп шешу жолын іздеп, оның шешімін өкілетті органдарға ұсынудан бас тартпауы тиіс.

«Алматы еліміздің қаржы орталығы сондай-ақ мәдениет орталығы. Мәдениеттің бастауы осы кітапханалардан, білім ордасынан басталады», -деді ол.

Нұрлан Өтешев кітапханалар одағының құрылғанын жақсы жаңалық деп санайтынын атап өтті.

Сондай-ақ ол жиында айтылған көтерілген мәселелер мен ұсыныстар назарға алынып, қажетті ведомстволарға, сонымен қатар Мәжіліске дейін жеткізілетінін атап өтті.