Тапсырма – қатаң бақылауда

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысында «Теңізшевройл» ЖШС-нің мердігер компанияларынан қызметкерлердің босатылуы және оларды жұмысқа орналастыру жайы талқыланды.

Компанияның Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиевтің баяндауынша, мердігер компанияларда жұмыс көлемінің аяқталуына байланысты қызметкерлердің босатылуы бекітілген жоспарға сай жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, биылғы жылдың қаңтарында – 402, ақпанында 1079 қызметкер босатылған. Бұлардың ішінен тек 314-і басқа жұмысқа ауыстырылып, қалған 1174 қызметкер жұмыссыздар армиясы қатарын толықтырды. Соңғы үш жылда Атырау облысының 1200 тұрғыны компания арқылы түрлі мамандықтар бойынша оқуға тартылып, сертификат алып шыққанымен тек 751-і жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болған. Ал, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, ТШО-ның жаңа мамандыққа оқытып шығарған кадрларының небәрі 14 проценті ғана жұмысқа орналасқан болып шықты.

Аймақ басшысы ТШО-ның мердігер компанияларынан биыл босатылатын атыраулық 7000 жұмысшы-қызметкерлердің нақты тізімді дайындауды, оларды басқа жобалар бойынша жұмысқа тарту мүмкіндіктерін қарастыруды, жаңа мамандықтарға оқытудың сапасын жақсартуды, мұнда формализмге жол бермеуді, сәуірдің 15-не дейін жол картасын жасақтауды міндет етіп қойды.

​Комиссияда еңбек ұжымдары арасында дауларды болдырмау және еңбек қатынастарының жағдайы, әсіресе жалақыдан берешек, еңбекақы мөлшерін көтеру, жұмыстан босату туралы баяндаған Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіров күні бүгінге жеті кәсіпорын мен ұйымда еңбек даулары туындау қаупі бар екендігін мәлім етті. Оның баяндауынша, жалпы саны 52 қызметкерді құрайтын үш кәсіпорынның жалақыға берешегі 8 млн. теңге құрайды. Атырау мұнай өңдеу зауытының 1630 қызметкерінің жалақысы 20 процентке өсті. Алайда, аталған зауыттың мердігер 18 компанияның 2 мыңнан астам жұмысшысының айлықтарының тек 10-12 процентке өсірілуі олардың орынды реніштерін туғызып отырған көрінеді. Биылғы алғашқы тоқсанда АМӨЗ мердігерлерінен 6 еңбек дауы тіркелген. Бес мыңға жуық жұмысшысы бар «Ембімұнайгаз» АҚ еңбекақы 30 процентке өсті, дегенмен, мұндағы 426 мердігер компания жұмысшыларының жалақысын көтеру жайы әлі өзекті күйінде қалып отыр.

Үшжақты комиссияда «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры Арман Қайырденов, «Ембімұнайгаз» АҚ бас директоры Есен Қайыржан, «КазТехМунайСервис» ЖШС бас директоры Қанат Қонақбаев, «КазТрансГазАймақ» Атырау өндірістің филиалының директоры Мақсот Абуов еңбек дауларын болдырмау, еңбекақы мөлшерін көтеру мәселелері бойынша түсінік берді.

​Комиссия отырысын қорытындылаған облыс әкімі құзырлы мекемелер басшыларына айтылған ұсыныс-пікірлерді ескеруді және оның орындалуына қатаң қадағалауды тапсырды.