Еңбек дауларының алдын алу бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізілуде

Нұр-Сұлтанда Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырыс барысында еңбекақы бойынша берешекті (басқа төлемдерді) және өндірістік жарақаттарды алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар, сондай-ақ мұнара крандарын пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталуы туралы сұрақтар көтерілді.

Ағымдағы жылдың 25 ақпаны мен 31 наурыз аралығындағы мұнаралы крандарды пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша құрылған жұмыс тобы аясында 84 мұнара краны тексерілді.
Жүргізілген тексерулер нәтижесінде 65 мұнара кранында крандардың техникалық құжаттамасының болмауына байланысты бұзушылықтар анықталды. Аталған мұнара крандарының жұмысы анықталған бұзушылықтар жойылғанға дейін тоқтатылды.

Айта кетерлігі, елорда құрылыс компаниялары 2020 жылы – 27, 2021 жылы – 107, ал биыл 74 жаңа мұнара крандарын сатып алған екен.

2022 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша 50 миллион теңгеден астам жалақы берешегі өтеліп, 279 қызметкердің еңбек және конституциялық құқықтары қорғалды.

2022 жылдың бірінші тоқсанында еңбек заңнамасының сақталуын бақылау барысында мемлекеттік еңбек инспекторлары 27 жоспардан тыс тексеру жүргізді. Еңбек заңнамасын бұзудың барлық фактілері бойынша бұзушылықтарды жою туралы талаппен 19 ұйғарым шығарылып, 7 заңды және лауазымды тұлға 2,2 млн.теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды.