Жүйелі жұмыс жалғасады

Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігі жанындағы Үйлестіру кеңесінің бүгінгі өткен кезекті отырысында өңірдің өндірістік кәсіпорындары мен мекеме-ұйымдарындағы әлеуметтік әріптестікті дамыту мәселелері сөз болды. Онда Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ізтұрған Баймұханов биылғы «Әлеуметтік әріптестік жылында» еңбек ұжымдарында жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің және олардың құқықтары мен мүдделерін қорғайтын кәсіподақ ұйымдары арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайту, әлеуметтік мәселелердің дау-дамайсыз бейбіт жолмен шешудің маңызы, еңбек қауіпсіздігін сақтаудағы кәсіподақтың рөлін көтеру, бастауыш ұйымдарда кәсіподақ жетекшілерінің құқықтық сауаттарын жетілдіру төңірегіндегі жұмыстарды саралап, міндеттер қойды.


Үйлестіру кеңесінде билік, кәсіподақ және жұмыс беруші үштік одағы бірлесіп, белсенді қаракет ету арқылы қордаланған проблемалық мәселелерді оңтайлы шешуге болатындығы туралы сөз қозғалды.«SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ облыстық филиалының төрағасы Майра Кашкенова, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ облыстық филиалының төрағасы Гүлнәр Шайхашева, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Бақыт Өтебалы, бірлестік төрағасының орынбасары Еділ Ұзақбай сөйлеп, күн тәртібіндегі мәселеге, сондай-ақ, алдағы кәсіби және мемлекеттік мерекелерді атап өтуге байланысты өз ойлары мен ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.