Бастауыш ұйым: «Панфилов су құбыры» кәсіпорыны травматизмнің орын алмауына қол жетізген

«Қалың қалай бастауыш ұйым?» республикалық акциясы аясында ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев «Панфилов су құбыры» сумен жабдықтау кәсіпорынының кәсіподақ активімен кездесті.

Жиынды ашқан Алматы облысы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Әсет Қыдырманов «Қалың қалай бастауыш ұйым?» республикалық акциясының маңызды екенін атап өтіп, кәсіподақ мүшелеріне әлеуметтік және еңбек мәселелерін ҚР Кәсіподақтар федерациясы басшылығымен жеке талқылауға мүмкіндік беретініне тоқталды.

Оның айтуынша, Алматы облысында салалық кәсіподақтардың 12 филиалы жұмыс істейді, оның құрамында жалпы жиыны 102 мың кәсіподақ мүшесі кіретін 932 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар.

«Панфилов су құбыры» бастауыш кәсіподақ ұйымы «Kyzmet» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағының құрамына кіреді.

Өз кезегінде «Панфилов су құбыры» мекемесі директорының орынбасары Дархан Күдеров мемлекеттік кәсіпорын өңірдегі орталық сумен жабдықтаушы ірі кәсіпорынның бірі екенін айтты. Онда 200 адам жұмыс істейді, 11-і әкімшілік бөлімнің қызметкері, 189-ы – техникалық жұмыскер.

«Панфилов су құбыры» мекемесіндегі бастауыш кәсіподақ ұйымының жетістіктеріне оның төрағасы Әсем Сақалова тоқталып өтті. Оның айтуынша, мекемеде еңбек етуге барлық жағдай жасалған, жалақы дер кезінде төленеді, еңбек демалысы беріледі. Жағдайына байланысты жұмыскерге материалдық және басқа да көмектер көрсетіледі.

«Кәсіподақтың әрбір мүшесінің өтініші жеке қаралады әрі шешіліп отырады. Персонал қажетті қорғаныш құралдарымен жабдықталған. 2016-2022 жылдар аралығында кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі ережесінің бұзылуына қатысты сндай-ақ жазатайым бірде-бір оқиға тіркелмеген. 2019 жылы қауіпсіздік техникасының инженері Т.Атабаев «Қауіпсіздік техникасы бойынша үздік инженер» облыстық байқауында бірінші орын алды», – деді Әсем Сақалова.

Кездесу барысында жұмыскерлер жалақыны көтеру, үстемеақы алу, шипажайда сауықтыру және басқа да бірқатар өзекті мәселелерді атап өтті. Алматы облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Әсет Қыдырманов аталған мәселелердің өңір деңгейінде шешілуіне көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

«Kyzmet» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов өз тарапынан әлеуметтік әріптестік аясында жұмыскерлердің түйткілді мәселелерінің шешілуі үшін оны тағы да тұрақты көтеруге уәде берді.

«Салалық жұмыскерлердің мәселелерін біз жақсы білеміз, олардың шешім табуы үшін жүйелі шаралар қабылдаймыз. Жұмыскердің өмір сүру жағдайын жақсарту жөніндегі мәселелер әлеуметтік әріптестермен тұрақты түрде талқыланып келеді, біз олар тезірек шешімін табады деген үміттеміз», – деп атап өтті Мирболат Жақыпов.

Кездесуді қорытындылаған ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев өз кәсіптеріне адал кәсіпорын жұмыскерлеріне алғыс айтты, сондай-ақ кәсіподақ комитеті мен жұмыс берушіге еңбеккерлердің мүддесін қорғау және қолдау бойынша жемісті әлеуметтік диалог орнатқаны үшін ризашылығын білдірді.

Ол ҚР КФ қызметінің стратегиясында жұмыскерлер көтерген мәселелердің шешілу жолдары да қамтылғанын және осы бағытта депутаттармен бірлесіп жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Нұрлан Өтешев еңбеккерлердің жағдайын барынша жақсартуға мүмкіндік беретін Кәсіподақтар федерациясының бастамаларын айтып берді.

«Басты мақсат – әлеуметтік әріптестер – Үкімет және жұмыс берушілермен бірлесіп еңбек заңнамасын жетілдіру, жұмыскерлердің әлеуметтік және еңбек құқығын жақсарту, кәсіподақтің қатардағы мүшелерінің жалақысын өсіру және еңбек етуіне лайықты жағдай жасау», – деді ол.

Нұрлан Өтешев Жамбыл облысындағы «Меркі Радон» шипажайына жолдама беру жөніндегі ҚР КФ-нің медицина-сауықтыруға қатысты пилоттық жобасына тоқталды.

«Демалыс және сауықтыру орталығына жолдама алу үшін жергілікті емханаға хабарласу керек. «Меркі Радон» шипажайында 300-ден астам ауру түрінен емделуге болады. Емделу ақысы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан төленеді. Ілкі жоба жыл сайынғы еңбек демалысы ғана емес, уақытша жұмысқа жарамсыздық кезінде де іске асырылады», – деді ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы