«Балабақша күні» жобасы бастау алды

Қарағанды облысында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың сапасын арттыру, мектеп жасына дейінгі ұйымдардың оқу процесінде жас балалардың әлеуметтік дағдыларын қалыптастыру және педагогтердің кәсіби біліктілігін шыңдай отырып, түйткілді мәселелерді анықтауды міндет еткен “Балабақша күні” жобасы аясында кәсіподақ көшбасшысы Асем Айтжанова мүшелік ететін комиссия өз жұмысын бастады.

Олар тәрбие мен білімнің бастауы болған бөбекжайларды аралап, ересектер тобы мен кіші топ тәрбиешілерінің сабақтарына қатысты. Қатысып қана қоймай, бүлдіршіндердің бейімделуі мен дамуы үшін жасалған жағдайларға, мектеп жасына дейінгі балаларды әлеуметтендіру, режимдік сәттерді жүзеге асыру, мәдени-гигиеналық дағдыларды қалыптастыру, күнделікті режимнің сақталуы, серуендеу, бос уақытты тиімді ұйымдастыру жұмыстарына бақылау жүргізді. Аталған критерийлердің барлығын талапқа сай орындап жатқан тәрбиешілердің қарым-қабілетіне, білім-біліктілігіне де баса назар аударылды.

Ересектер тобының тәрбиешілері баланың мектепке деген эмоционалды-позитивті көзқарасын, оқуға деген құштарлығын қалыптастыруда алдына жан салмайтынын аңғартқан кездесу барысында кіші топтағы балғындардың бақшаға үйренісіп кетуіне барынша жағдай жасалғаны байқалды. Сабақтарын да бір-біріне ұқсамайтындай, түрлі дидактикалық матераилдарды пайдаланып, қызықты да мағыналы өткізген тәрбиешілерге ата-аналар қауымымен тығыз байланыс орнату, кәсіби шеберлігін арттыру бағытында бірқатар құнды кеңес берілді.