Қызылордада үшжақты комиссия отырысында жалақыны көтеруді талап еткен мұнайшылар мәселесі қаралды

5 сәуірде Қызылорда облысы әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу бойынша облыстық үш жақты комиссия отырысы өтті.

Комиссия отырысына ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары – Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіподағының төрағасы Сұлтан Қалиев, аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев, облыстағы ірі мұнай компаниясы басшылары қатысты.

Әлеуметтік әріптестік шеңберінде комиссия отырысында еңбек шиеленісі орын алған «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясындағы ахуал қаралды. Компанияның жұмыскерлері жұмыс берушіден жалақыны елу пайызға көтеруді талап етуде. Осы мәселе бойынша компанияның президенті Ян Миньюй комиссия отырысында кәсіпорынның өндірісі мен қаржылық жағдайы туралы әңгімеледі.

Компания өкілдері таныстырылым жасап, жалақыны көтеру бойынша компания мүмкіндіктері шегі туралы ақпараттарымен бөлісті. ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Сұлтан Қалиев ұжымдық еңбек дауын шешуде тараптардың сындарлы диалог құруы мен келіссөздер жүргізуде ашықтықтың басымдылығы туралы ой-пікірін білдірді. Облыстық үш жақты комиссия төрағасы Г.Әбдіқалықова еңбек дауы туындаған ұжымда ортақ келісімге келу үшін барлық шараларды қабылдауды, компания басшылығының жұмыскерлермен ашық диалог орнату және кәсіподақтар, құзырлы орган өкілдерімен заң аясында түсіндірмелер жүргізілуін тапсырды.

Осы күннің екінші жартысында Құмкөл өндіріс кеніш басында жұмыскерлермен кездесу өтіп, көтерілген мәселе бойынша жұмыскерлер мен жұмыс беруші уәждері тыңдалды. Келісімге келе алмаған тараптар басқосуы компания басшылығының жалақыны көтеру  мәселесі бойынша шешім қабылдауына 18 сәуірге дейін уақыт алуымен аяқталды.

Еске сала кетсек, 28 наурызда «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы жұмыскерлерінің жалақыны өсіру туралы талаптары бойынша келіссөздер өткізілген еді.  Бұған дейін мұнайшылардың жалақыны елу пайызға көтеруді талап еткені мәлім болған еді.