«Yntymaq» Алматы облыстық филиалының жылдық қорытынды есебі тыңдалды

«Yntymaq» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің салалық кәсіподағының Алматы облыстық филиалы мен бастауыш кәсіподақ ұйымдары «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында жылдық қорытынды есептерімен таныстырды.

Онлайн жиынға салалық кәсіподақ төрағасы Қайрат Жаңабеков, Алматы облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Әсет Қыдырманов, салалық кәсіподақтың өзге өңірлердегі филиал қызметкерлері мен бастауыш кәсіподақ ұйымдары қатысты.

Облыстық салалық кәсіподақ филиалының төрайымы Самал Бағдатқызы жыл бойы атқарылған жұмыстар жайымен таныстырып, кәсіподақ қызметінде алға қойған басты мақсат-міндеттерімен бөліссе, Еңбекшіқазақ аудандық бастауыш кәсіподақ ұйымының бас маманы Әсем Елиманова мен «Aluminium of Kazakhstan» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Әлия Қабдуллина бастауыш ұйымдардың жыл бойы өткізген шараларымен таныстырды.


“Кәсіподақ ұйымдарының жеткен жетістіктері аз емес, атқарылған ауқымды жұмыстары да жеткілікті. Өткен жылы «Aluminium of Kazakhstan» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымы еліміз бойынша ең үздік бастауыш кәсіподақ болып танылып, республика деңгейінде марапатқа ие болды.

Облыс аумағында салалық кәсіподақ ұйымның мүшелері “Smart Kasipodaq” цифрлық қосымшасын және есеп базасын онлайн режимде оңтайландыру жұмысын жүйелі жүргізді. Осындай ауқымды істер мен жүйелі жобалар аз емес.

Алдағы жылға жоспарланған жұмыстар ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында белгілеген бағытпен үндес, ұсынған жобаларымен үйлесімді жүргізілмек”, – деп атап өтті салалық кәсіподақ төрағасы.