Елордада еңбек қауіпсіздігін тексеру жұмыстары жалғасуда

Елордадағы мұнара крандарымен жұмыстарды орындау кезінде қауіпсіздік техникасы нормаларын сақтау бойынша жұмыс тобының өкілдері құрылыс алаңдарындағы тексеру-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.

Басты мақсат – өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету, жұмыскерлер мен жұмыс берушілерге еңбек қатынастары тараптарының құқықтары мен міндеттерін түсіндіру.

Комиссия құрамындағы елордалық Кәсіподақтар орталығының, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің қалалық департаментінің және мемлекеттік еңбек инспекцияның өкілдері салынып жатқан үй-жайлары және паркингі бар «Inju Ansar» көпфункционалды тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңына барды.

Тексеру барысында жалға алынған мұнара крандарының техникалық құжаттамасының өкілетті органға тіркелмегені анықталды. Құрылыс компаниясының жетекшілеріне анықталған басқа да бұзушылықтарды жою міндеттелді.

Жалпы жыл басынан бері жұмыс тобының өкілдері елордадағы 90-ға жуық мұнара крандарына тексеру жүргізді.