Жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайы – басты назарда

Шымкент қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде ұжым мүшелерінің жалпы жиналысы өтіп, ҚР «Кәсіптік одақтар туралы» заңына сәйкес мекемеде жұмыс жасайтын барлық 190 қызметкерлер мен жұмыскерлер жазбаша өтініштерінің негізінде 100% кәсіподақ мүшелігіне қабылданып, «ҚЫЗМЕТ» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының құрамына кіретін бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды.


Кәсіподақ ұйымының төрайымы болып директордың орынбасары Жұлдызхан Балтабаева сайланды.

ҚР Еңбек кодексіне сәйкес мекемедегі ұжым мүшелерінің еңбек жағдайын жақсарту, қызметкерлерді әлеуметтік және зейнеткерлік қамсыздандыру, еңбек демалысына шығу, еңбекке ақы төлеу, жұмыс уақыты мен тынығу уақытының ұзақтығын айқындау, салауаттылықты, қауіпсіз еңбек пен тұрмыс жағдайларын жасау, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі шараларды қаржыландыру, денсаулық сақтауды жақсарту, қоршаған ортаны қорғау, ұжым мүшелеріне әлеуметтік игіліктер жасау, ұйым жұмысының тұрақтылығын және тиімділігін қамтамасыз ету, басқа да құқықтық нормативтік актілерінің сақталуына қол жеткізу мақсатында мекемеде әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін құқықтық акті – Ұжымдық шарт қабылданды.


Ұжымдық шартқа жұмыс беруші тарапынан мекеме басшысы – директор Шағдат Әсет және жұмыскерлердің атынан екінші тараптан кәсіподақ комитетінің төрайымы Жұлдызхан Балтабаева қол қойып, оны Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасынан тіркеуден өткізді.

Сондай-ақ, бастауыш кәсіподақ ұйымын салалық кәсіподақ құрамына қабылдау және еңбек қатынастары бойынша көмек көрсету мен жұмыскердің құқын қорғау жұмыстарын бірлесе жүргізу бойынша мекеме басшысы – директор Шағдат Әсетұлы мен мекеменің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Жұлдызхан Шухралқызы және «ҚЫЗМЕТ» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Елемесұлы өзара келісім-шартқа қол қойды.