Еңбеккерлердің құқығы – басты назарда

«Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Светлана Иманқұлованың Түркістан облыстық және Шымкент қалалық кәсіподақ филиалына қарасты бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларының қатысуымен «Еңбеккерлердің құқығы – басты назарда» атты дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстел аясында кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғау барысында кәсіподақ тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар, еңбек заңдылықтарын бақылауда ұстау мен ұжымдық шарттың орындалу және әлеуметтік-еңбек мәселелері талқыланды.

Кездесу барысында алғы сөз алған Светлана Иманқұлова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдің саяси жүйесін жаңғырту мəселесі бойынша баяндап, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға, мәдениет саласына қатысты оң өзгерістерге белсенді түрде қатысып келе жатқан қоғамдық күш – кәсіподақ екендігін атап өтті. Еліміздегі мәдени іс-шаралар мен спорттық бұқаралығын арттыруда және салауатты өмір салты бойынша атқарып отырған жұмыстары мен кез-келген іс-шаралар кәсіподақ ұйымының қолдауымен өтеді.

Сонымен қатар, еңбек адамына түсер қиындықты жеңілдетуде, еңбек заңдылықтарының сақталуын бақылауда, кәсіподақ мүшелеріне материалдық-моральдық қолдау көрсетуде кәсіподақтың атқарар еңбегі көп екендігін жеткізді.

Басқосуда қатысушылар Қазақстандық салалық мәдениет, спорт,туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының төрайымы Светлана Иманқұловаға спорт мектептеріндегі жаттықтырушылар мен мектептердегі дене шынықтыру мұғалімдерінің жалақысындағы айырмашылық туралы, спорт мектептеріндегі жан басына қаржыландыру мәселелері бойынша сауалдар қойып жауап алды.

«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Руслан Ақжігітов: “Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының мүшелік ұйымы. Федерация өз қызметінде мемлекеттік билік органдарынан, жұмыс берушілерден, саяси партиялардан және басқа да қоғамдық бірлестіктерден тәуелсіз, оларға есеп бермейді және олардың бақылауында емес. Бірлестік қала аумағындағы 8 салалық кәсіподақ филиалы мен 7 жергілікті кәсіподақтың жұмысын үйлестіреді. Кәсіподақтың мақсаты жұмысшылар үшін қауіпсіз еңбек жағдайларының жасалуына, олардың лайықты жалақымен және әлеуметтік кепілдіктермен қамтылуына ықпал жасау. Бұл мақсатқа әлеуметтік әріптестік және ұжымдық шарт арқылы қол жеткізуге болады.
Әлеуметтік әріптестіктің аясында өңірлік деңгейде үшжақты комиссия құрылған, оның құрамында жергілікті атқарушы органдар, аумақтық кәсіподақтар бірлестігі және жұмыс берушілер бар. 2021 жылы осы комиссияның 18 отырысы өтті. Бірлестікпен осы отырыстардың күн тәртібіне еңбек даулары, жалақы қарыздары және жұмысшылардың мүдделерін көздейтін бірқатар мәселе енгізілді. Кәсіподақтар федерациясы мен Жоғарғы сот арасындағы Меморандум негізінде Бірлестік ғимаратында «Татуласу орталығы» өз жұмысы істейді. Сонымен қатар 2020 жылы Федерациямен іске қосылған Заң клиникасының мамандарымен де кәсіподақ мүшелеріне тегін кешенді құқықтық көмек ұсынылып отыр. Өткен жылы 28 кәсіподақ мүшесі түрлі құқықтық көмектер алды”.

Қатысушыларға Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі, «Татуласу орталығы» және Заң клиникасының жұмысы туралы ақпарат беретін, байланыс телефондары көрсетілген брошюра таратылды. Сонымен қатар, бастауыш кәсіподақ төрағаларына кәсіподақ жұмысын әлеуметтік желілерде кеңінен насихаттау жөнінде түсіндірме берілді.

«ЕуроАзиялық медиация орталығы» қоғамдық бірлестігі директоры Лаура Ақшегірова «Татуластыру орталығы» мен Заң клиникасының жұмысы туралы қатысушыларға ақпарат беріп, қойылған сауалдарына жауап берді.