Жұмыскерлер құқығын қорғау жөніндегі заңнамаға жұмысшы тобындағы ҚР КФ мүшелері бірқатар өзгеріс енгізді

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары бастамашы болған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайлары мен жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғауды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заң жобасы бойынша жұмыс тобының мүшелері – ҚР Кәсіподақтар федерациясының өкілдері аталмыш заң жобасына бірқатар өзгерістер енгізді.

Кәсіподақтар федерациясы ұсынған өзгерістердің ішіндегі ең өзектілері – инфляцияға және тұтынушы бағасының өсуіне байланысты айлық жалақыны индексациялау жөніндегі нормалар. Инфляция мен тұтыну бағасының өсуі еңбек адамының табыс деңгейіне кері әсер ететіні құпия емес.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы Еңбек кодексінің 130-бабын (жалақы көлемі) нормамен толықтыруды ұсынды. Соған сәйкес, жалақыны индексациялауды Қазақстан Республикасы құқықтық нормативтік актілермен белгіленген мерзім бойынша анықталған инфляция деңгейіне сәйкес жұмыс берушілер бекітілген келісімдермен, ұжымдық шартпен немесе жұмыс беруші актісімен жүргізеді.

Талқылау барысында осы түзетуді жұмысшы тобы мақұлдады.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы ұсынған өзекті өзгертулердің ішінде Кәсіподақтар федерациясы, оған мүше салалық кәсіподақтар өкілдері бір тарап және екінші тарап – «Атамекен» ҰКП, жұмыс берушілер бірлестігі арасында еңбекке ақы төлеу жүйесін анықтайтын жұмыс берушінің актілеріне жұмыскерлер өкілдерінің келісім беруі мәселесі қызу пікірталасқа ұласты.

Осы өзгеріс жұмысшы тобы мүшелерінің көп бөлігі және депутаттар тарапынан қолдау тапты.

Заңнама жобасы Халықаралық еңбек ұйымы конвенцияларының өнеркәсіпте және саудадағы еңбек инспекциясы туралы, еңбек және жұмыспен қамту саласындағы кемсітушілік туралы бірқатар нормаларын имплементациялау мақсатында, сондай-ақ қауіпсіз еңбек жағдайы мен жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғауға қатысты нормаларды жетілдіру үшін әзірленген.

Сонымен қатар, аталған нормаларды қабылдау көп жағдайда заң жобасын одан әрі қарау барысында ҚР Үкіметіндегі әлеуметтік әріптестердің ұстанымына байланысты болады.

Еске сала кетсек, жұмысшы тобының құрамына –  ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, басқа да министрліктер мен ведомстволардың, өңірлік еңбек инспекцияларының, «Атамекен» ҰКП, басқа да жұмыс берушілер бірлестіктерінің өкілдері, жұмыскерлер тарапынан Кәсіподақтар федерациясының және оған мүше салалық ұйымдардың өкілдері кірді.