Ұстаздар “Ғажайып алаңда” бас қосты

Бүгінгі таңда қоғамымыздың даму бағытына сай, білім беру бағдарламалары мектептен тыс ұйымдарда да жүзеге асырылуда. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Қарағанды облыстық ұйымының Қарқаралы аудандық комитеті филиалының бастауыш кәсіподақ төрайымдарының бастамасымен және кәсіподақ комитеті төрағасы Азамат Секербайұлының қолдауымен қала басындағы қосымша білім беру педагогтерінің атап айтсақ, «Балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығы», «Өнер» мектебі, «Жас туристер станциясы» ұжымдары арасында «Ғажайып алаң» интеллектуалдық ойыны өтті.

Бұл бас қосудың мақсаты – қосымша білім беру мекемелерінің кәсіподақ мүшелері арасында үздіктерді аңықтау, қолдау білдіру, зияткерлік ойындарды насихаттау, мекемеаралық байланысты нығайту.

Интеллектуалдық сайысқа жалпы 27 қызметкер қатысты. Ойын ережесіне сәйкес, әр іріктеу кезеңіне, яғни әр айналымға қатысушылар сұрақ-жауап арқылы іріктелді. Іріктелген ойыншылар финалға шықты. Финалда жеңіске жеткен ойыншы «Бас жүлдеге» ие болды. «Жас туристер станциясы» мекемесінің кәсіподақ төрайымы Дариға Болатқызы ойынды жүргізіп, барлық қойылған шарттар мен талаптардың жүзеге асырылуын бақылады. Ойыншыларға қазақтың салт-дәстүрінен, ұлттық-ойындардан, қазақ әдебиетінен сұрақтар қойылды. Осылайша көптің ішінен ерекшеленген 1-ші айналым қатысушылары: Жас туристер станциясынан Есей Маратұлы, Балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығынан Нұрлыбек Болатұлы және Өнер мектебінен Мейрамгүл Саматқызы болды.

Екінші айналымның ойыншылары: Балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығынан – Ботагөз Қажікәрімқызы, Өнер мектебінен Балдырған Төлегенқызы, Жас туристер станциясынан Сабыржан Русланұлы болды.

Көрермендер ортасынан қойылған сұрақтардың жауабын бірінші болып тауып, үшінші ойынның қатысушысы атанған: Жас туристер станциясынан Қанат Болатбекұлы, Балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығынан Рысты Тілеубекқызы, Өнер мектебінен Айзада Дәулетқұлқызы болды.


Осы тартысты додада үш айналымның жеңімпаздары анықталып, жартылай финалға жолдама алған «Өнер» мектебінің ұстаздары: Жекеева Балдырған Төлегенқызы, Сағатбекова Мейрамгүл Саматқызы, Шыныбаева Айзада Дәулетқұлқызы болса, топ жарып, көптің ішінен дараланып жартылай финал ойыншысы, одан әрі супер ойын жеңімпазы атанған «Өнер» мектебінің ұстазы Сағатбекова Мейрамгүл Саматқызы болды. Айта кету керек, бұл қызу ойында барлық қатысушылардан ең көп ұпай санын жинаған Балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығының ұстазы Исатаева Ботагөз Қажікәрімқызы болды.

Ойын соңында барлық жеңімпаздарға Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Қарағанды облыстық ұйымының Қарқаралы аудандық комитеті филиалының қаржыландыруымен алынған сый-сияпаттар табысталды.