Оралдағы «Зенит» зауытында әлеметтік әріптестер бірлесіп еңбек етуге жасалған жағдайды жақсартты

«Қалың қалай бастауыш ұйым?» акциясы аясында ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар  Тінікеев «Орал «Зенит» зауыты» АҚ-ның кәсіподақ активімен кездесті.

Акционерлік қоғамның негізгі қызметі – кеме жасау. Зауыттағы бастауыш кәсіподақ ұйымы Машина жасаушылар салалық кәсіптік одағының Батыс Қазақстан облысы филиалының құрамына кіреді.

Жиынды ашқан Батыс Қазақстан облысы Кәсіподақ орталығының төрағасы Айгүл Есекенова жиынға қатысушыларға «Қалың қалай бастауыш ұйым?» республикалық акциясын 2021 жылы Кәсіподақтар федерациясы Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы аясында қолға алғанын атап өтті.

Айгүл Есекенова қарапайым жұмыскерлердің өзекті мәселелері дер кезінде әрі тиімді шешіліп келе жатқанына тоқталды.

«Осындай кездесулер өңірлердегі және барлық салалардағы кәсіпорындардағы өзекті мәселелерді анықтауға көмектеседі», – деді Кәсіподақтар орталығының төрағасы.

Ол баяндамасында зауыттың көп жылдық тарихы бар екендігін, оның 1941 жылдан басталатынын айтып өтті.

«Орал «Зенит» зауыты» 1941 жылы Ленигрдаттан көшірілген К.Ворошилов атындағы «Двигатель» зауыты негізінде құрылған.

Соғыс кезінде зауыт арнаулы әскер-теңіз қаруын шығарған, соғыс біткен соң Әскери-теңіз күштерінің арнаулы техниканың басқа түрлерін шығаруға көшкен. Соғыс кезінде армия мен флотты қамтамасызх етуге еңбек сіңіргені үшін ҰОС 1 дәрежелі орденімен марапатталған.

1993 жылы желтоқсан айында зауыт акционерлік қоғам болып өзгерді, «Орал «Зенит» зауыты» АҚ 2003 жылы «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ құрамына кірді.

Зауытта алғашқы кәсіподақ ұйымы 1942 жылы соғыс уақытында құрылған.

1995 жылдан бастап қазірге дейін «Орал «Зенит» зауыты» АҚ кәсіподақ ұйымының төрағасы Владимир Куликов.

Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Владимир Куликовтің айтуынша,  кәсіподақ ұйымының басты міндеті – оның мүшелерінің еңбек, кәсіби жәнен басқа да әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау. Ол кәсіподақ жұмысы туралы, берілетін жеңілдіктер мен әлеуметтік кепілдіктер туралы толығырақ әңгімелеп берді.

Акционерлік қоғамда 790 адам жұмыс істейді, оның 70 пайызы кәсіподақ мүшесі. Кәсіпорында қазір орташа жалақы 187 мың теңге шамасында. Оның сөзінше, кәсіпорында жұмыс берушімен сындарлы диалог қалыптастқан.

Владимир Куликов 2021 жылы жұмыс берушінің өтемақы шығыны заңнамада белгіленген төлемнен 53 млн теңгеге асып түскенін айрықша атап өтті. Сонымен қатар, жұмыс берушінің кәсіподақ комитеті мен зауыт жұмыскерлерін әлеуметтік қолдауға бағытталған шығысы 10, 5 млн теңге болды.

Кәсіподақ комитеті төрағасы ұжымдық шарттың әрекет ету мерзімі биыл аяқталуына байланысты, алда 2022-2024 жылдарға арналған жаңа ұжымдық шарт жобасын әзірлеу тұрғанын хабарлады.

«Кәсіпорын халықаралық байқауларға тұрақты қатысып келеді, жұмыскерлер еліміздің әлеуметтік-еңбек заңнамаларына қатысты мәселелер бойынша ұдайы оқытылады», – деді Владимир Куликов.

Жиында сөз алған «Орал «Зенит» зауыты» АҚ бас директорының орынбасары- инженер Алексей Солодников әкімшілік тарапынан ұжымдық шарттың барлық талаптары толық көлемде орындалып жатқанын айтты. Жұмыс беруші мен кәсіподақ комитеті еңбек етуге жасалған жағдайдың жақсартылуы үшін бірлесіп жұмыс істеп келеді.

Бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысымен танысқан ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев жұмыс берушінің әлеуметтік жауапкершілігі жоғары екеніндігін атап өтті.

«Осындай үлкен кәсіпорында қызметкерлердің мүддесіне айрықша мән беріліп келе жатқаны қуантады. Жақсы ұжымдық шарт қолданысқа енгізілген. Бұл жұмыс беруші жұмыскерлердің әлеуметтік көңіл-күйін жоғары бағалайтынының көрсеткіші», – деді Мұхтар Тінікеев.

ҚР КФ төрағасының бірінші орынбасары жиынға қатысушыларға Кәсіподақтар федерациясының әлеуметтік және еңбек қатынастарын жақсарту, азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін көтеруге қатысты бастамалары туралы айтып, кәсіподақ күнтәртібінде тұрған басқа да өзекті мәселелерге тоқталды.

«Кәсіподақтар федерациясы ең төменгі жалақы мөлшерін ұлғайту туралы мәселені ұдайы көтеріп келеді. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменге жалақы мөлшері 42 500-ден 60 000 теңгеге дейін өсті, бұл жетістік, алайда елімізде ТЖМ (төменгі жалақы мөлшері) есептейтін әдістеме жоқ. Біз осы мәселені Халықаралық еңбек ұйымы ұсынымдары бойынша келуіміз керек деп санаймыз. ХЕҰ бекіткен Кейтц индексі бар, онда ең төменгі жалақы мөлшері орташа жалақының 50 пайызынан кем болмауы тиіс делінген. Егер Қазақстанда орташа жалақы 270 мың теңге болса онда төменгі жалақы мөлшері шамамен 135 мың теңге болуы тиіс. Бізде ТЖМ орташа жалақының 20 пайызы шамасында», – деді ҚР КФ төрағасының бірінші орынбасары.

Осыған байланысты Кәсіподақтар федерациясы ХЕҰ №131 «Дамушы елдердің ерекшелігін ескере отырып төменгі жалақы мөлшерін белгілеу» конвенциясын ратификациялауды ұсынады.

Сонымен қатар, оның айтуынша, Кәсіподақтар федерациясы республикалық деңгейдегі әлеуметтік әріптестеріне жалақыны жыл сайын индексациялау, еңбек дауы кезінде жұмыскерлердің талап қою рәсімдерін жеңілдету және басқа да нақты ұсыныстарын заңнамамен белгілеуді ұсынды.

Мұхтар Тінікеевтің атап өтуінше, кәсіпорындардағы төмен жалақы еңбек даулары мен жұмыскерлер наразылығының басты себептерінің бірі. Осы тұста әлеуметтік серіктестіктің тиімділігін арттырудың маңызды екендігі аталып өтті.

Әлеуметтік әріптестік жылын өткізу аясында ол  жұмыс берушілердің сындарлы диалог орнатуы және еңбеккерлердің кәсіподақтағы рөлін күшейту қажеттілігі атап өтті.

«2021 жылы 12 наурызда Үкімет, Республикалық жұмыс берушілер бірлестігі және Республикалық кәсіподақтар бірлестігі арасында Бас келісімге қол қойылғанын білесіздер. Бас келісім нормаларын әзірлеуге тұңғыш рет  3 республикалық кәсіподақтар бірлестігі де қатысты. Бүгінгі таңда біз Еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғау үшін бір күш болып жұмылдық. Бізге жаңа Бас келісімге еңбекке ақы төлеу жүйесін жетілдіру нормаларын және басқа да маңызды нормаларды енгіздік. Олар жұмыскерлерге қауіпсіз әрі лайықты еңбек етуіне жағдай жасауға бағытталған. Федерация еліміздің көп өңірлерінде үш жақты комиссиялар жұмысына облыс әкімінің тікелей қатысуына қол жеткіздік. Бұл жұмыс жалғастырылады», – деді Мұхтар Тінікеев.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы