Бар жақсылық – балаларға

Қашаннан болашағын ұрпағымен байланыстырған халқымыздың “бар жақсылық – балаларға” деген ұраны бүгінде өзектілігін жоймақ емес. Тәуелсіздік алған жылдардан бері ел ертеңінің сапалы білім мен саналы тәрбие алуына барынша жағдай жасалып жатқаны – соның бір көрінісі. Жаңа кезеңге аяқ басқан 2022 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың балаларға арнауында да үлкен мән жатыр.

Бұған дейін де балаларды назардан тыс қалдырмаған Жезқазған аймақтық кәсіподағы Президенттің бастамасын қолдау мақсатынды кешенді шараларды жүзеге асыруды бастап кетті. Балқаш қаласында төрайым Асем Айтжанованың білім бөлімімен бірлесіп “Балабақша күндері” жобасын өткізуі – ауқымды жоспардың бір парасы.

Жұмыс тобы “Бөбек” пен “Балақай” балабақшасында барып, тәрбиешілердің сабақтарына қатысты.

Өрендердің оқуда жетістікке жетуіне ықпалдасып, олардың бойына адамгершілік, ізгілік, қайырымдылық қасиеттерін ұялатып, толеранттылыққа тәрбиелеп жүрген тәрбиешілер еңбегі мақтауға тұрарлық. Мамандығын жүрек қалауымен таңдап, сүйетін олардың сабақтары бір-бірінен асып түспесе кем түспейді. Бірі бейнелеу сабағындағы түрлі-түсті бояулар, екіншісі ертегі желісі бойынша сахналық көрінісін, үшіншісі мамандықтар, төртіншісі ән мен би арқылы бүлдіршіндерді үлкен өмірге бейімдеп, білімге бағдарлап жатты. Алдына келген ұл-қыздардың қызығушылығын арттырып, өнерге баулып, тұлға ретінде қалыптастыруда алдына жан салмайтын тәрбиешілердің білім, білік, дағдысына жоғары бағалаған жұмыс тобы жас мамандармен пікір алмасып, олардың сұрақтарына жауап берді.

Білім мен тәрбиенің бастауы болған балабақшалардағы зерттеу жұмысы аяқталған соң Балқаш қалалық білім қызметкерлері кәсіподақ филиалының төрайымы Әсем Бекенқызы кәсіподақ мүшелерінің балаларын сауықтыруға, шығармашылығын шыңдауға көңіл бөлуді жоспарлап отыр.