Жастар шахматтан жарысты

Қостанай облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының «Шахматтан балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ-де Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай кәсіподақ жастары арасында шахмат бойынша турнир өткізілді.

Турнирдің мақсаты жастардың бойында еңбекті қорғаудың оң мәдениетін қалыптастыру, еңбекті қорғау саласында шешім қабылдау процесіне белсенді қатысу, қауіпсіз еңбекке деген жауапкершілік пен қызығушылықты нығайтуға шешуші үлес қосу. Турнирді «Келешек» Қостанай облысының жастармен жұмыс жөніндегі кеңесі ұйымдастырды.

Шахмат – логикалық ойлауға және оңтайлы шешім қабылдауға мүмкіндік беретін интеллектуалды, қызықты, үстел ойыны. Турнирге осы спорт түрін сүйетіндер мен жанкүйерлер қатысты.

Турнир швейцариялық жүйе бойынша 7 турда өткізілді. Әр жүріске 2 секунд қосып, бір партияға 5 минут бақылау. Барлық ережелердің сақталуын жарыстың бас төрешісі Павел Русанов қатаң қадағалады.


Жарыс жылы және достық атмосферада өтті. Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдармен және грамоталармен марапатталды.