Сала қызметкерлерінің еңбекақылары қайта есептелуімен 14 миллион қаражат өндірілді

Білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағының Қызылорда облыстық ұйымының құқықтық жұмыстары нәтижесімен 14 миллионнан аса қаражат жұмыскерлер пайдасына өндірілді.

Бұл туралы облыстық ұйымның төрағасы орынбасары Нұргүл Өтегенова Арал ауданында өткен кеңейтілген комитет отырысы барысында айтты. «Кәсіподақ еңбек заңнамасы мен әлеуметтік әріптестік актілерінің орындалуына қоғамдық бақылаудың тиімділігін арттыру бойынша қарқынды жұмыс жүргізіп келеді. Өткен жылға Құқықтық қызмет жөніндегі мамандарымен 3000-нан аса өтініш қаралды. Нәтижесінде 2021 жылға экономикалық тиімділік 14495927 теңгені құрады. Барлық дұрыс есептелмеген қаражат кәсіподақ мүшелерінің пайдасына қайта өндіріліп берілді» деді Н.Өтегенова. Сонымен қатар, отырыста кәсіподақ мүшелерінің басты уәжі еңбекақыға қатысты болып отырғандығы, ұйым заңгерлері білім беру ұйымдарын аралап, Шиелі, Жаңақорған аудандарында кәсіптік білім беру ұйымдары мен орта мектептеріндегі даулы жағдайлардың оңтайлы шешіліуіне қол жеткізгендігі тілге тиек болды.

Арал ауданындағы жұмыс сапары барысында облыстық ұйым заңгерлері кәсіподақтың белсенді мектебін жандандыру, бастауыш кәсіподақ төрағаларының құқықтық сауаттылығын арттыру, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторларға әдістемелік көмек берді.