Әлеуметтік әріптестікті дамыту – жұмыскерлердің еңбек құқықтарын тиімді қорғаудың кілті

“Жұмыскерлер талабы орынды ма? Жалақыны – 200% көтеру! Бұл мүмкін нәрсе ме? Наразылық акциясы қандай нәтиже берді? Үйдің шатырынан құлап қаза болған жұмысшылар өліміне кімдер кінәлі? Жазатайым оқиғаның себебі неден? Өңір медицина қызметкерлерін қандай мәселелер толғандырады?” Атырау облыстық әкімдігінің мәжіліс залында өткен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысында осы және басқа мәселелер жан-жақты талқыланды. Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ізтұрған Баймұханов төрағалық жасаған отырыста аймақтағы еңбек қатынастарының жағдайы туралы Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіров әлеуметтік шиеленіс картасы мен еңбек қауіпсіздігі жөнінде баяндады. Ол алдымен «Caspian Drilling Llp (Каспиан Дриллинг Ллп)» ЖШС-нде қалыптасқан жағдайға тоқталды.

Атырауда тіркелген бұл компания «БозашыНефть» компаниясының тапсырысы бойынша Маңғыстау аумағында ұңғымаларды күрделі және жерасты жөндеуді жүзеге асырады. Еңбек ететін 400-ден астам жұмыскердің жалақысы өткен жылдың шілде айынан 30% өсіп, 215 мың теңгеге жеткен. Ал маңғыстаулық жұмысшылардың басты талабы – жалақыны 200% көтеру.

Компания басшысы Тельман Сафиновтің ойынша, жалақыны осыншама көтеру мүмкін емес. Өйткені бұл – компанияны банкротқа алып келетін төте жол.

«Кәсіпорындағы ең маңызды құжат – Ұжымдық шарт. Егер де мекемеңізде кәсіподақ ұйымы болса, кәсіподақпен бірлесіп осы келісімге әлеуметтік қолдау, еңбекақыны көтеру мен сыйақы беру тәртібі туралы, тағы басқа ережелерді енгізіп, жыл сайын жағдайларын сұрап, жұмысшылармен кездесу өткізіліп тұрса, ешбір дау-дамай туындамас еді. Наурыз айынан бастап 25 пайызға, маусым айынан бастап тағы да 25 пайызға өсіреміз деп отырсыз, оған мүмкіндіктер бар, ал осының барлығы дер кезінде ұжымдық шартқа енгізілу керек еді», – деді отырыс төрағасы Ізтұрған Ұзақбайұлы.

«Біздің кәсіпорында жұмысшылардың жағдайы жақсы, барлығы тыныш» деп ойлайтын басшылар – ертенгі күнін ойламайтын адамдар. Дау-дамай күтпеген жерден шыға келеді, ешбір адам дау болмайтынына кепілдік бере алмайды. Оған әркім дайын болу керек!», – деп түйіндеді ол өз ойын.

Ақпан айының 21-і күні СМП-163 ықшамауданындағы бесінші қабаттағы үй шатырынан құлап, мерт болған екі адамның өліміне қатысты мемлекеттік еңбек инспекциясы арнайы тергеу жүргізуде. Кінәлілер туралы әзірге қорытынды жасауға ертерек. Шатыр жөндеу жұмыстарына тапсырыс беруші «Қаланың тұрғын үйлеріне коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС, мердігері «ПиДжиЭсГрупп Констракшн» ЖШС екен. Мұнда еңбек заңнамасының өрескел бұзушылықтары мен бақылау толық болмаған. Қаза тапқан қызметкерлер құрылыс нысанына еңбек шартынсыз жіберілген, жалақы да кешіктірілген және толық ол төленбеген. Жұмысшылар арнайы киіммен, аяқ киіммен және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілмеген болып шықты.

Үшжақты комиссияда денсаулық саласындағы әлеуметтік әріптестіктің жағдайы медицина жұмыскерлерінің құқықтары мен мүдделеріне қатысты өзекті мәселелер бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев хабарлама жасады.

Денсаулық сақтау саласында еңбек дауларын болдырмау мақсатында басқармаға «Senim» кәсіподағы, емханалар мен ауруханалар басшыларының қатысуымен бірлескен кеңестер өткізу, әлеуметтік әріптестік келісім-шарттардың орындаулы мәселелерін өзара талқылау ұсынылды.