«Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының тыныс-тіршілігімен танысты

Атырау облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ізтұрған Баймұханов «Қайнармұнайгаз» мұнай және газ өндіру басқармасының әкімшілік ғимаратында Қызылқоға аудандық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының кеңейтілген мәжілісіне қатысты.

Қатысушылар жеті жүздей жұмысшы-қызметкер еңбек ететін «Қайнармұнайгаз» басқармасының бүгінгі тынысымен танысып, әлеуметтік-тұрмыстық нысандарын аралап көрді. «Ембімұнайгаз» АҚ-ның 1995 жылы құрылған бұл өндірістік құрылымдық бөлімшесі мұнай мен газды өндіру және өңдеумен айналысады. Басқарма басшысы Қайнар Қоданов өндіріс орнының қалыптасуы мен өркендеу тарихы туралы әңгімелеп берді.

Отырысқа облыстық мәслихаттың депутаттары – мәслихат хатшысы Әлібек Нәутиев, Амангелді Абдолов, Ізтұрған Баймұханов, Мақсот Әбуов, Толқын Бейсқали қатысты. Аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев ауданның Сайлауалды бағдарламасының орындалысы туралы жасаған баяндамасында өткен жылға жоспарланған 78 іс-шараның 77-сі орындалғанын атап өтті. Мұның өзі шалғай ауданның елді мекендерінде инфрақұрылымды жақсартуға, инвестиция көлемін арттыруға, жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына мол мүмкіндік берді. Осы уақытта 4 жаңа кәсіпкерлік нысан – Миялыда бөтелкедегі таза ауыз су цехы, «Ерасыл» сауда үйі, «Самал» аралас дүкені және Мұқыр ауылында «Ақ Отау» супермаркеті іске қосылды. Мұқырда 424 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Сағызда спорт кешені құрылысы, Миялыда орталық стадионды қайта жаңғырту жұмыстары басталып, биыл пайдалануға беру көзделген.

Өткен жылы ауданда 822 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, 1800-і еңбек нарығының белсенді шараларына тартылған. Инженерлік-инфрақұрылымды дамыту бағытында Миялы, Сағыз ауылдарынан инфрақұрылым тарту межеленіп, 18,5 шақырым жасалды, биыл толық аяқталады деп күтілуде. Былтыр 102 тұрғын үй пайдалануға берілді.

Дегенмен, Тасшағыл ауылында 300 орындық мәдениет үйін салу жөніндегі тапсырма орындалмай қалды. Оны биыл жыл соңына дейін тапсыру жоспарланған. Ал, биылғы жол картасына енгізілген Тасшағылдағы 50 орындық балабақша мен Мұқыр ауылындағы мәдениет үйі құрылысы орындалмай қалу қаупінде тұр.