Қызылорда облысының үздік жас ұстазы белгілі болды

Қызылордада облыстық білім басқармасы және Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық ұйымы ұйымдастыруымен «Үздік жас маман -2022» облыстық кәсіби байқауы өтті.

«Шығармашылық толқын», «Мұғалімнің шығармашылық шеберханасы», «Менің ең үздік педагогикалық идеям» атты үш бөлімнен тұратын облыстық кәсіби байқауға аудандық және қалалық кезеңде жеңімпаз атанған жас мұғалімдер қатысты.

Жас мамандар жаңа технологиялық әдістер бойынша өткізілген сабақ шолуын, авторлық бағдарлама мен әдістемелік құралдар, пәндер бойынша есептер мен жазба жұмыстарының жинақтарын және TEDx форматында сабақта пайдаланатын педагогикалық идеяларын ортаға салды.

Байқау қорытындысымен Сырдария ауданы №42 мектеп-лицейінің химия пәнінің мұғалімі Піржан Төлеген жүлделі бірінші орынды, Қызылорда қаласы №3 IT мектеп-лицейінің биология пәнінің мұғалімі Асқар Жылқаев екінші орынды, Қазалы ауданы №249 мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі Аслан Сараман үшінші орынды иеленіп, байқау ұйымдастырушыларының дипломдарымен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.