Кәсіподақтар кәсіпкерлікті қолдауға атсалысады

2022 жылғы 25 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттарға өтінімдерді қарау жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

Мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып отырған «Бастау Бизнес» жобасына өтінімдерді қарау жөніндегі комиссияның құрамына биылдан бастап «Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Атақозы Нұрланов мүшелік етеді.

Бұл комиссияда 30 өтінім қаралып, оның ішінде 5 жоба мақұлданды. Ағымдағы жылға барлығы 350 грант жоспарланған.

Аталған бағдарлама жұмыссыз жүрген азаматтарға, сондай-ақ кәсібін жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік береді. Қатысушы жобаны іріктеу кезеңінде өзінің бизнес-жобасын қорғап шықса, 1 272 000 теңге (400 АЕК) қайтарымсыз грант алады.

Айта кетерлігі, аталған жобаға қатысушылар кәсіптік оқытудан өтпей грантқа өтінім бере алады. Жуық арада осы жөнінде Ережеге өзгерістер енгізу қарастырылып жатыр.