Еңбекті қорғау – ерекше бақылауда

Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығының ұйымдастыруымен облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқармасының қолдауымен Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай дөңгелек үстел өтті. Шараға салалық, жергілікті кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының техникалық инспекторлары қатысты.

Халықаралық еңбек ұйымының (International Labour Organization, ILO) бастамасымен дүние жүзі бойынша жұмыс орындарында жазатайым жағдайлар мен кәсіби аурулардың алдын алуға жәрдемдесу, сондай-ақ еңбекті қорғау мәдениетін қалыптастыру және насихаттау мақсатында 28 сәуір күні Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні аталып өтеді. Бұл ақпараттық-түсіндіру кампаниясы еңбекті қорғау саласындағы мәселелер мен еңбек қызметіне байланысты жарақаттардың, аурулар мен жазатайым жағдайлардың артуына қоғам назарын аударуға арналады.

Дөңгелек үстел отырысында Батыс Қазақстан облысының еңбек инспекциясы бойынша басқармасының бөлім басшысы  А.Лұқпанов, Қазақстан Республикасы Ьөтенше жағдайлар министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің БҚО бойынша департаментінің бөлім басшысы  Б.Мубараков, ҚР Энергетика министрлігі атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің БҚО бойынша аумақтық департаментінің маманы  Н.Утеуов, Еңбек қауіпсіздігін бақылау және еңбекті қорғау ардагері  С.Даулетжанов тақырыптық баяндама жасап, қазіргі таңда облыста еңбек қауіпсіздігінің сақталуы, өндірістік жарақаттар мен жазатайым оқиғалар туралы ақпарат берді. Қатысушылар спикерлерге сұрақтар қойып, қажетті мағлұмат алып, бірлескен іс-шаралар жүргізілетін болды.

Іс-шара соңында Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығының атынан төрайым орынбасары Б.Атауов бастауыш кәсіподақ ұйымдарының техникалық инспекторларына еңбекті қорғау күні қарсаңында алғыс хаттар табыстады.