Кәсіподақ ұйымы жас көшеттер отырғызды

«Қазхром «ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауыты біріккен кәсіподақ ұйымының бастамасымен зауыттың орталық өткелінің алаңқайына 13 түп ағаш отырғызды.

“Ағаш отырғызу – жақсылық пен тазалықтың белгісі әрі сауапты істердің бірі” деп есептейтін кәсіподақ ұйымы орталық өткел алаңына қысы-жазы бір түсте болып тұратын қылқан жапырақты 13 түп туя ағашын отырғызды.

– Қоршаған ортаны қорғау, зауыт аймағын көгалдандыру, абаттандыру үлкен жауапкершілікті жүктейтін әрі ортақ істердің бірі. Зауыт әкімшілігі және экологтардың бастамасымен өндіріс аймағын көгалдандыру жұмыстары жыл сайын тұрақты түрде жүргізіліп отырады. Осы игі бастаманы кәсіподақ ұжымы бірінші болып қолға алды, ал цех ұжымдары жалғастыратынына бек сенімдімін. Биыл орталық өткелдегі қурап қалған ағаштардың орнын жаңа ағаштар толықтырайық деген мақсатпен туя ағашын отырғыздық. Жақсылықтың символына айналған игі бастама, зауыт аймағын абаттандыруға қосқан үлесіміз, зауыттықтарға қуаныш сыйлайды, – дейді біріккен кәсіподақ ұйымының төрағасы Әбілқайыр Сотқаров.

Кәсіподақ ұйымы ағаш отырғызып өзіндік қолтаңбасын қалдырып өзгелерге үлгі болып көш бастады. Енді туя ағаштары орталық өткел аймағына ерекше сән беріп, жасыл-желекке бөлейтін болады. Ағаштарды күтіп-баптау жұмыстары «Құнарлық» ЖШС жұмыскерлеріне жүктелді.