Түркістанда кәсіподақ өкілдері еңбек ұжымымен жүздесті

Бүгінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау кәсіподақ қызметінің басты бағыттарының бірі болып табылады. Осы мақсатта Сайрам ауданындағы Сүйерхан Базарбаев атындағы №61 негізгі орта мектебі КММ-нің ұйымдастыруымен семинар-тренинг өткізілді. Семинарға «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев, бас маман Ерлан Жандарбеков, «Шапағат-педагог білім және басқа мамандықтар қызметі» жергілікті кәсіподағы бірлестігінің төрайымы Гульнар Тлеубердиева, мектеп директоры Гульжан Нуртанова мен білім ұясының ұжымы – кәсіподақ мүшелері қатысты.


Жиында сөз сөйлеген «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев Кәсіподақтар федерациясы тарапынан лайықты еңбек жағдайларын жасау, жұмысшылардың еңбек мүдделері мен құқықтарын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып өтті.

Сонымен қатар, «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» жанынан құрылған «Татуластыру орталығы» және «Заң клиникасы»-ның жұмысына тоқталып, қандай да бір мәселе төңірегінде заңгерлердің көмегіне жүгініп, тегін құқықтық кеңес алуға болатынын жеткізді. Осынау шаралар кәсіподақ мүшелері үшін қолға алынғанын мәлімдеді.

Бұдан бөлек, жиында еңбек қатынастарын реттеу, ұжымдық және еңбек шарттарын сақтау, еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, жазатайым оқиғалардың алдын алу, жалақы қарыздарын болдырмау, дауларды шешу туралы мәселелер қозғалды.

Жиын соңында қызметкерлер тарапынан қойылған сауалдарға тиісті жауаптар берілді.

Айта кетерлігі, ұжымда 102 қызметкер жұмыс жасайды. Барлығы кәсіподақ мүшелері.