Прокуратура: Жұмыс берушілер өндірістегі 40-тан астам жазатайым оқиғаны жасырып қалған

Жекелеген жұмыс берушілердің өндірістегі жарақаттану және өлім фактілерін жасыратын заңсыз әрекеттері еңбекті қорғау саласындағы жағдайды қиындатып отыр. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы Сапарбек Нұрпейісов мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі.

Өндіріс орындарына жүргізілген тексеріс барысында осындай 40-тан астам жағдай анықталған. Белгілі болғанындай, бұл жағдайдың қалыптасуы бірқатар факторға байланысты.

«Біріншіден, құқықтық реттеу тиімділігінің жеткіліксіздігі. Мысалы, жұмысшылардың еңбек құқықтарын бұзғаны үшін қаралған әкімшілік жазалардың диапазоны тар – ескертуден 400 мың теңгеден аспайтын айыппұлға дейін (қайталауды есепке алмағанда). Бизнес субъектілеріне бұл шара аса сезілмейді, сондықтан оларды «тәртіпке келтіру» әдістері жұмыс істемейді. Екіншіден, мемлекеттік бақылаудың жеткіліксіздігі. Өкілетті органдар анықтаған құқықбұзушылықтар аяқсыз қалады. Прокурорлық тексерулер нәтижесі осыны көрсетті» , – дейді ҚР Бас прокуратурасы Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы Сапарбек Нұрпейісов.

Айта кетсек, прокуратура органдары еңбек қауіпсіздігінің сақталуы бойынша 49 ірі кәсіпорынды тексерген. Жұмысшыларға зиянды еңбек жағдайлары үшін өтемақы төленбей жүргені анықталды. Сондай-ақ, қорғаныш құралдары және азық-түлікпен қамтамасыз етпеуге қатысты 2 мыңнан астам факті тіркелді.

Жұмыс берушілер арасында қызметкерлерді оқыту, міндетті нұсқау беру, сақтандыру және медициналық тексеруден өткізу талаптарын елемеу жиі кездеседі.

«Нақтырақ айтқанда, 5 мыңнан жұмысшы осы қажеттіліктермен қамтылмаған. Тексеру қорытындысы бойынша 69 қадағалау актісі енгізіліп, 226 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 30 мың жұмысшының жалақысына үстемеақы, 600-ден астам жұмысшыға өтемақы төленді. Қорғаныс құралдарымен және арнайы тамақпен қамтамасыз ету басталды. 22 техниканың жұмысы тоқтатылды», – деді Сапарбек Нұрпейісов.

Оның айтуынша, бұл мәселе Бас прокурордың ерекше бақылауында.

Бұған дейін хабарланғандай, Бас прокуратура өрт, өндірістік және санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік саласында 6,5 мыңнан астам заңбұзушылықты анықтады.